Жетісу облысының тұрғыны 30 мың түп қызғалдақ өсірді
Жетісу облысының тұрғыны үйінің ауласында 30 мың түп қызғалдақ өсірді. Бағбан Омар Тәжіманов гүлдің тұқымын Нидерландтан алдырып, өзі салған жылыжайға еккен. Ол қазір бағбаншылықты отбасылық кәсіпке айналдырып отыр.
Құлпырған қызғалдақтың ортасында ән салмау мүмкін емес, – дейді Омар Тәжіманов. Себебі күзден бері күтіп баптаған өсімдігі жайқала өсіп, көз қуантады. Бағбан жұпар иісі аңқыған гүлді енді сатылымға шығармақ.
Омар Тәжіманов, бағбан:
- Осы гүлді 8 наурызда сатып бітіргеннен кейін келесі жылғы жоспарымызда альстромерия деген гүлді егу бар. Жетісу халқын сол гүлдерімізбен қуанта берейік деп жатырмыз.
Көксу ауданының Балпық би ауылында тұратын отбасы бағбаншылықпен айналысу үшін жылыжай салды. Шетелдік қызғалдақты егіп, арнайы технология негізінде күтім көрсетті.
Раушан Жұмағұл, бағбан:
- Интернеттен қарап, адамдардан сұрай үйрендік. Өсіріп баптау да оңай емес. Күндіз-түні от жағамыз. Бірқалыпты температурада ұстау қажет.
Тәуекелге бел буған бағбандардың еңбегі ақталды. Олардың жылыжайында қазір гүлдерді жинау, сұрыптау, орау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Балжан Құдайберген есімді Мұқыры ауылының тұрғыны да гүл өсірумен айналысады. Бұл салада 3 жылдық тәжірибесі бар. Бағбан жылыжайға «альстромерия» деп аталатын оңтүстік-америкалық гүл еккен.
Балжан Құдайберген, бағбан:
- Әйел адам гүлді жақсы көреді ғой. Табиғаты сондай. Бір тал шоқ гүлін сыйласаң да, мәз болады. Әйел адамды гүлдендіретін гүлдің өзі ғой. Қазір мына жылыжайда гүлдердің түсіне көп қарап отырып, өзіңді күшті сезінесің. Жақсы әсер аласың, маған гүлмен айналысқан ұнайды.
8 наурыз мейрамы қарсаңында гүл саудасы қызады. Сол кезде көксулық бағбандардың қызғалдағы да нәзік жандыларға қуаныш сыйлары анық.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.