Көрісу күні қашан және қалай пайда болды?
Бүгін – Көрісу күні. Амал келді, жыл келді. Наурыз мейрамы басталды. Халық қыстан аман-есен шығып, көктемге аяқ басты. Енді шалғайдағы туған туыстарымен, көрші-қолаңмен жүздесіп, төс қағысады. Бұл күнде өкпе-ренішін ұмытып, бір-біріне амандық тілейтіні мәлім. Ал бұл күн қашан және қалай пайда болды?
«Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жыл болар» деседі. Біз де үлкендердің батасын алып, көрісуді жөн көрдік.
Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы биыл Амал мерекесін ерекше ықыласпен күткен. Бұл күн оразамен тұспа-тұс келгендіктен, құрбы-құрдастарымен жолығудың сәті ауызашар уақытына түсіпті. Көрісу дастархан алдында жайғасуға ғана емес, көптен көрмеген жақындарыңмен қауышуға себеп. Содан болар батыста қаймағы бұзылмаған бұл дәстүр көпке үлгі.
Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері:
-Көрісу күнінің мағынасы - бір-бірінен жырақта жатқан ата-бабаларымыз бүгінгі күні үлкендерін кішілері іздеп келіп, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет көрсетіп, амандық-саулық сұрасып, барлық өкпе-реніш, наз өткен жылда қалсын, жаңа жыл жақсылығымен, жаңалығымен келсін!
Ал Оралдағы Сұлтанияровтар әулеті Көрісу күніне дайындықты бірнеше ай бұрын бастаған. Себебі бүгін қос қуаныш. Үйлену тойын әулет үлкендер арнайылап Көрісу күніне белгілеген.
Мария Хамзина, күйеу жігіттің әжесі:
-Жыл сайын балаларымыз үйімізге келіп, көрісіп, үлкен шаңырақ деп бәрі маған келеді. Көрісу күнін біздің үйде өткіземіз. Сондықтан қызығына алыстағы ағайыннан бастап, туған-туыс, құда-жекжат пен дос-жаран түгел жиналды. Мерекелік кеште ауыл ақсақалдары шаңырақ көтерген жастарға ақ батасын беріп, жарқын болашақ тіледі.
Оралда бұл күні 11 жұп отау құрған. Қалалық АХАЖ бөлімі осындай мәліметпен бөлісті. Жастар көктемнің алғашқы айында некелесу отбасы беріктігін сақтайды деп сенеді. Ал Көрісу күні үлкендердің батасын алуға таптырмас шақ десе керек.
Атыраулық Раиса Биткованың ұлты орыс болса да, көршілерімен амандық-саулық сұрасып, Көрісу мерекесімен құттықтауға келген. Себебі ол бұл мерекені жастайынан тойлайды.
Раиса Биткова, «Светоч» Славян этномәдени бірлестігінің төрағасы:
-Маған дәстүрді де үйретті. Көрісуді қалай жасайды, алаша қалай тоқиды. Біздің Қазақстан тек гүлдей берсін! Еліміз тыныш болсын! Ақ мол болсын! Денсаулық мықты болсын!
Мереке тарихына мән берсек, ертеректе жапан далада мал баққан халық, қыстай шалғайдағы жақындарымен кездеспеген. «Қар еріп, жер жібіген сәтте ағайындарымен сағыныштарын басып, қуана көріскен деседі. Ал этнографтар Көрісу мерекесі григориан күнтізбесіне ауысқанда пайда болған»,— дейді. Себебі ескі күнтізбе мен қазіргінің арасы 13-14 күн шамасы.
Досымбек Қатыран, этнограф:
-Қазақта екі-ақ мезгіл бар. Қыс кетіп, жаз келді деген. Сол жаздың алғашқы күнінің 1-і күні. Жаңа ай туған кезде. Мінекей ай жаңасы деген осы. Қыстан аман-есен шықтық деп, әрине, біріне-бірі амандасатын болған барып. Алыс-беріс көбейтіп, бұрынғыдай жата тұрып емес. Жалпы алғанда қыс кетті деген мереке.
Сонымен түбі қайдан шықса да, Көрісу – тамаша дәстүр екенін ешкім жоққа шығара қоймас. Ендеше, береке мен бірлік мейрамы Көрісу күні құтты болсын!
Авторлары: Дана Әлиева, Таир Мерекенов