Елде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады
Отбасы банк оған 300 млрд теңге көлемінде ақша бөледі. Бұл туралы Олжас Бектенов «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау бойынша кеңесте айтты. Үкімет басшысының сөзінше, жаңа бағдарламаға жұмыс істейтін жастар, жас отбасылар, тұрғын үй төлемдерін алушылар, банк салымшылары, моноқалалар, аудандық орталықтар мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары қатыса алады. Бірінші жылы баспанаға мұқтаж 12 мың отбасы үймен қамтылады.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
-Ағымдағы жылы 18 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй көлемін 4 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қосымша 272 млрд теңге бөлінеді.
Үкімет биыл жоспарланған 46 елді мекеннің орнына 87 елді мекенді газдандырмақ. Осылайша, 63 мыңнан астам адам көгілдір отынның қызығын көрмек. Бұл үшін бюджеттен 195 млрд теңге бөлінеді. Айта кеткен жөн, елді мекендерді газдандыру деңгейін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы кемінде 1,7 мың шақырым желіні жаңғырту міндетін қойған. Бұл 300 мыңнан астам азаматқа көгілдір отынды қолжетімді етеді. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту мәселесі де назардан тыс қалмайды. Президент қолданыстағы 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуды тапсырды. Бұл мақсаттарға 650 млрд теңге инвестиция тартылады.
Қазіргі таңда еліміздің газдандыру деңгейі 60% немесе 12 млн адам қазір газбен қамтылған. Жылда жергілікті атқару органдарымен 90 млрд-100 млрд тг ақша бөлінетін. Мемлекет басшысының тапсырмасымен сол 90 млрдқа қосымша 100 млрд ақша бөлініп, жылдың соңына дейін 300 мың адамның газға қолы жетуі керек. Оңтүстік өңірлер және де мына Орталық Қазақстан өңірлеріне беріледі.