Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 148-ші жиынына қатысты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған қазақстандық делегация Женевада өткен Парламентаралық Одақ Ассамблеясының 148-ші жиынына қатысты. Мәжіліс спикері өз сөзін жуырда Мәскеу облысында болған террорлық шабуылға байланысты Ресей халқына көңіл айтудан бастады. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Біріккен ұлттар ұйымының орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру жоспарланып отырғанын айтты. Су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталып, Қазақстан мен Франция Президенттерінің бастамасымен Нью-Йоркте «One Water» саммиті өтетінін атап өтті. Бұған қоса 2026 жылы Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымы аясында өңірлік климаттық саммит өткізбек. Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақтың Төрайымы Ту́лия А́ксонмен, сондай-ақ Египет Араб Республикасы Өкілдер палатасының спикері және Пәкістан Ислам Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасымен кездесті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған, әсіресе, соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар айқын дәлел. Қазіргі кезде демократиялы ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – бейбітшілік пен өркендеудің кепілі. Қазақстан Парламенті де бұл жұмысқа белсене ат салысуда.