Көкшетауда бірнеше үй су астында қалды
Ал Көкшетауда Қылшақты өзені арнасынан тасып, бірнеше үй су астында қалды. Ал ел шығысында еріген қар суы бүтін бір ауыл мен аудан орталығы арасындағы көпірді шайып кетті. Халық қайықпен қатынауға мәжбүр. Ақтөбеде де жағдай мәз емес.
Мынау Көкшетаудың қақ ортасымен өтетін Қылшақты өзені. Кептелген мұз сағаға сыймай суды арнасынан асырып жіберген. Салдарынан жағаға жақын орналасқан жер үйлер судың астында қалып, тұрғындар баспанасына кіре алмай әлек. Теміржол маңындағы көпқабатты үйлердің де ауласына су жайылды. Қазір төтенше жағдай қызметі өзенді мұз қиыршықтарынан тазалап, су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Есенгелді Қайырбеков, қала тұрғыны:
-Таңертен сағат 6:30-да бәрі сап-сау болған. Жұмысқа жеткенде үйге су кірді деп қызым хабарласты. Міне осындай жағдай болып жатыр. 20 жылдан асты ондай ешқашан болған жоқ еді.
Дәулет Жүнісов, қала әкімінің орынбасары:
-Қазіргі уақытта арнайы комиссия құралды. Тек теміржол вокзалы маңында екі жер үйге су кіріп, онға жуық көпқабатты үйлердін ауласын су басты. Қазір су сору жұмыстарымен қатар зардап шеккен тұрғындардың шығын көлемі де есептеліп жатыр.
Ақтөбе аумағындағы өзендердің де арнасы тола бастаған. Салдарынан бірнеше саяжай суға кетіп, ондағы тұрғындар эвакуациялық орталықтарға орналастырылды. Жалпы облыс бойынша мұндай пункттерге жеткізілген адамдардың саны 300-ге жуықтады. Қобда ауданында да жағдай күрделі. Бүгін қала ортасындағы Сазды өзені тасыды. Маңайдағы жол жабылып, жүргізушілер айналып өтуге мәжбүр. Негізгі жұмыс өзен бетінде қатқан қалың мұзды жарып, шығару. Өйткені су ағысына сол мұз шоғырлары кедергі келтіріп тұр. Сондықтан 200-ден астам адам, 50 техникада дамыл таппай жұмыс істеуде.
Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД бастығы:
-Бұл сазды су қоймасы 7,5 млн текше метр көлемі. Қазіргі таңда 100% толған. Ақпарат бойынша 45 куб метр су келуде. Сол 45 куб метр су осы өзен арнасынан ағуда. Бұл жерде кедергі келтіріп тұрған байқасаңыздар мұздың қалыңдығы 40 пен 50 см арасында құрап отыр. Бұл сазды өзені соңында тікелей Елек өзеніне құйылады
Топтерек ауылының көпірінде тұрмыз міне көпірдің жағдайын көріп жатырсыздар, видеоға жіберіп жатыр ғой, ауылдың күні осы.
Ел шығысындағы Күршімде бүтін бір ауылды аудан орталығымен байланыстырып тұрған көпірді қарғын су шайып кетті. Қазір халық ары-бері тек қайықпен қатынап жүр. Оларға құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері көмектесуде. Кешелі бері 50-ден астам адам тасымалданды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, көпір мен ауылдың арасы 4 шақырым. Сондықтан елді мекенге қауіп жоқ көрінеді.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Абзал Азаматұлы, Ануарбек Мырзатайұлы