Су тасқынынан зардап шеккен аудандарға гуманитарлық көмек жиналып жатыр
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Су тасқынынан зардап шеккен аудандарға еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек жиналып жатыр.
Мәселен, бүгін түркістандық еріктілер су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе облысына 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл өңір жастарының су басқан аймаққа жіберген алғашқы жылуы емес. Бұған дейін жергілікті әкімдікпен бірлесіп, бір жүк көлігін жөнелтсе, күні кеше Сайрам ауданының депутаттары мен жомарт жандары екі жүк көлігіне қажет заттар тиеп, жіберген.
Қарғын судан зардап шеккен аймақтарға тараздықтар да көмек қолын созуда. Қаланың әр бөлігінде 10-ға жуық жүк көлігі қойылған. Онда аса қажетті заттар тиеліп жатыр. Тұрғындардың бірі ақшалай көмек көрсетсе, екіншісі сырт киімі мен қолында барын табыстауда. Еріктілер арнайы шот ашып, қаржы да жинап жатыр. Жинақталған қаражатқа етік, дәрі-дәрмек сынды ең қажет заттар алынады. Ал жүк көлігінің жүргізушілері жамбылдықтардың жылуын тегін жеткізіп бермек.
Ақтаулық еріктілер су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге төсек-орын мен азық-түлік жинап жатыр. Олар сауда орындарын аралап, кәсіпкерлер тегін берген заттарды жастар ресустық орталығына жеткізуде. Сол жерде сұрыптап, қорап немесе қапшыққа салады. Жиналған жүктің алғашқы партиясы көрші облыстарға почта арқылы теміржолмен жіберіледі.
Қызылордалық волонтерлер де топан судан зардап шеккен өңірлерге жылу жинап жатыр. Облыс орталығы мен аудандарда арнайы бекет ашылған. Бұл жерде тұрғындар әкелген заттар мен киім кешектер сұрыпталады. Еріктілер сауда орындары мен кәсіпкерлік нысардарды да аралап, гуманитарлық көмек жинауға кіріскен.