10 облыста төтенше жағдай жарияланды
Атап айтатын болсақ, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты. Қазір республикалық жедел штабтың бақылауында 7 өңір бар. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілі хабарлады. Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында су басқан ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген. 3,5 мыңнан астам жеке тұрғын үй, 1800-ден аса саяжай үйі, 557 аула аумағы су астында қалған. Апаттан құтқару жұмыстарына 12 500-ге жуық адам, 1 300-ге жуық техника, 7 авиатехника жұмылдырылды. Жалпы елде су тасқыны басталғалы, 72 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліпті.
Қахарман Оразалин, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы:
-Уақытша орналасу пунктеріне 14 368 адам, оның ішінде 7 255 бала орналасты. 7,5 млн. астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды. 952 мыңнан астам қапшық және 976 мыңнан астам тонна инертті материал төселді.