Төтенше жағдай кезінде не істеу керек?
Қазір су басқан аймақтардың халқына оңай емес. Жалпы осындай төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керек? Қандай шектеулер бар? Сасқалақтап жүріп, қатерге ұрынып қалмаудың қамы қайсы?
Мамандар, су тасқыны кезінде ең алдымен байбаламға салынбай, сабырға келіп, қажетті деген дүниелерді жинауға шақырады. Құжаттарыңыз бен дәрі-дәрмектеріңізді су өтпейтін дорбаға салыңыз. Күнделікті киетін киім-кешектеріңіз бен басқа да жеке керек-жарақтарыңызды алып, шұғыл көшуге дайын болыңыз.
Әділжан Берікбосынов, Нұра аудандық ТЖБ бас маманы:
-Одан бөлек су тасқыны басталған кезде су, газ бен электр қуатын сөндіріп, жанып тұрған пеш болса оны да өшіру керек. Сосын кішкентай балаларды қадағалаңыз. Олардың электр қондырғыларын қолдануына жол бермеңіз. Осы әрекеттерден соң құжаттарыңыз бен мүмкіндігінше бірнеше күнге жететін азық-түлік алып, қауіпсіз жерге көшіңіз.
«Қауіпсіз жерге өз бетіңізбен көше алмайтын жағдай болса, яғни, су деңгейі көтеріліп кетсе, шатырға немесе биік жерлерге шығып, құтқарушыларды күтіңіз»,— дейді мамандар. Бірақ сыртта тасқын кезінде қызыл судан басқа да қауіптер бар.
Ал үйден кетерде баспананың есік-терезелерін мықтап жауып, байлаулы тұрған итті босатуды да ұмытпаңыз. Шама келсе, тұрмыстық техникаларды шатырға шығарып кеткен абзал. Айта кетейін, су басқан елді мекендер қазір құзырлы органдардың бақылауында. Яғни сіздің онда мал-мүлкіңіз күні-түні күзетіледі.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аян Сәрсенбаев