Су тасқыны: Димаштың Лондондағы жанкүйерлері көмек жинап жатыр
Елдегі белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйымдар жинаған және шетелден келген гуманитарлық көмектің алды су басқан аймақтарға жеткізілді.
Атап айтсақ, Қостанай, Ақтөбе мен Ақмола облыстары жүкті қабылдап алды. Алдын ала есеп бойынша 550 тоннадан астам жылу жиналған.
Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын мен жылытқыштар. Қырғыз ағайындар жіберген 300 тонна гуманитарлық көмектің 40 тоннасы Қостанайға жетті. Дәл осындай көмек Ақтөбеге жеткізілді. Тағы бірнеше көлік Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына жөнелтілді.
Ұлыбританияда тұратын отандастарымыз бен жергілікті халық жылы киімдер мен басқа да қажетті заттарды жинап жатыр. Арнайы есепшотқа ақша аударып жатқандар да көп. Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері де атсалысуда.
- Халықтың мал-мүлкі суға кеткенін естіп, қабырғамыз қайысты. Табиғи апаттан жапа шеккендерді қолдау үшін аз да болса ақша жинадық. Жағдай тезірек тұрақталсын деп дұға ететін боламыз.
Қостанай облысының Амангелді мен Торғай аудандарына 60 киіз үй жеткізілді. Олар уақытша тұратын орын тапшы деген аумақтарға беріледі. Бастамашыл топ еліміз бойынша бір мың киіз үйді үлестірмек. Соның 300-і Ақтөбе облысына жіберіледі.
Ал ақтөбелік тұрғын Азамат Бисауытов Құлсары халқына үш күнде шамамен 3 мың бөлке нанды темір жол арқылы жөнелткен. Су басқан қалада барлық наубайхана істен шықты деген хабарды ол Құлсарыда тұратын досынан естіпті. Шұғыл нан жіберсек деген бастамаға жергілікті компания мен теміржол мекемесі де қолдау көрсеткен.
Азамат Бисаутов, қала тұрғыны:
- Ақша жіберейін деген кезде досым ештеңе де керегі жоқ. Бәрі келіп жатыр. «Бізде нан жоқ», - деді. Бастысы – нан жоқ. «Егер қолыңнан келсе, нан салып жіберші», - деді. Сүйтіп бірінші күні өзімнің қаражатыма нан салғам. Содан жан - жақтағылар соны көріп қалып, барлығы көмектесіп, шығып кетті қазір.
«Самұрық-Қазына» елдегі су тасқыны салдарын жоюға 15 млрд теңге бөлетін болды. Бұл туралы қордың сайтында жарияланды. Қаражат табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлерге беріледі.
Ал «Қазақстан халқына» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көрсетілетін көмек мөлшерін 10 млрд теңгеге дейін ұлғайтатын болды. Бұған дейін қор ауылдық жерлерде 200 үй салу үшін 5 млрд теңге бөлетінін жариялаған болатын. Апаттың ауқымын ескеріп, қаражат көлемін екі есеге арттыру туралы шешім қабылдаған.
Маңғыстау облысында төртінші сыныпта оқитын Нұрасыл Игілікұлы жинаған ақшасын Жылыой ауданына жолдады. Ол еріктілердің Құлсарыға гуманитарлық көмек апаратынын естіп, қобдишаға жинап жүрген ақшасын әкеліп берген.
Нұрасыл Игілікұлы, оқушы:
- Маған анам тамаққа деп тиын береді. Сосын мен оларды жинай бердім. Атыраудағы қиын жағдайды естіп, көмектескім келді. Сосын мен жинаған тиындарымды алып, апарып бердім.
Қаршадай баланың әрекетіне сүйсінген ел желіде жарыса жазып, батасын беріп жатыр.
Ердәулет Ыбырайұлы, аймақ тілшілерінің көмегімен