Су басқан аймақтарда табиғи апаттан келген залал есептеліп жатыр
Арнайы комиссия зардап шеккендердің өтініші бойынша үй-үйді аралап, бұзылған, қираған дүние-мүлікті тіркеуге кіріскен. Содан кейін бағалаушылар нақты шығын мөлшерін анықтайды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Арқалық қаласына қарасты Новый кентінде 746 үй бар. Соның жетпіс шақтысын міне, осылай су басқан. Арнайы комиссия бүгінде тексеріп, қарап жүр. Арасында жөндеуге келмейтін жарамсыз үйлерде жоқ емес.
Комиссия зақым келген мүліктердің барлығын қағазға жазып, тіркейді. Дәлел-дәйек үшін суретке түсіреді. Мынау – осы Новый кентіндегі қатты зардап шеккен баспаналардың бірі. Үй іші бел ортасына дейін суға батыпты. Қазір мұнда ешкім тұрмайды. Іргетасы үгітіліп, қабырғасы сетіней бастаған.
Есімхан Сейітбекұлы, Арқалық қаласының тұрғыны:
- Бұл үй болатын үй емес. Енді бұл үй құлады. Линолеум анау, паласы жатыр,несі жатыр, диваны тұр.Креслосы тұр. Оның бәрі бітті ғой. Одан кейін мынау судан кейін сасиды енді олар.
Арқалықтағы арнайы комиссия құрамында 22 адам бар. Ветеринар, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері, заңгер сияқты бірнеше сала мамандарынан құралған топ бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біреулері ауылдардағы шығынның есебін шығарып жатса, енді бірі қала ішін аралап жүр.
Айдана Жангелдіқызы, арнайы комиссия мүшесі:
- Бүгінге текті ақпаратқа сәйкес, қала аумағында 170 үйге акт толтырылып, қала аумағындағы шағынаудандардың үйлерін араладық.Ал ауыл аймақтарға тоқталар болсақ, Қызыл жұлдыз ауылында – 41 үй, Екідін ауылында – 26 үй. Қазіргі таңда үйлерге акт толтырылды.
Осы күнге дейін тек Арқалық қаласы бойынша 146 бас ірі қара, 784 ұсақ мал, 30 жылқының өлексесі табылып, көмілген. Табиғи апаттан зардап шеккендерге өтемақы төленіп жатыр. Ал үйсіз-күйсіз қалғандарға бюджет есебінен Арқалық қаласынан өз таңдауымен пәтер сатып алуға мүмкіндік беріледі.
Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының әкімі:
- Екідіннің көбі қазіргі таңда 21 қалаға көшкісі келіп жатыр, Қызыл жұлдыздың оннан астам адамдары, отбасы қалаға көшкісі келіп жатыр. Қазіргі таңда олар пәтерлер қарап жатыр. Қалғандары да ойласады ғой, Енді қаламыз деп жатса, оған да шешім қабылдаймыз ғой. Оған салып бере ме, әлде өздері салып ала ма, оған енді ешқандай шешім қабылданған жоқ. Олар қолдаусыз қалмайды.
Мамандардың айтуынша, келтірілген шығынды есептеу комиссиясының жұмысы кем дегенде әлі бір айға жалғасады.
Мағауия Қалиев Сергей Трахтенберг