Ел бойынша 3,5 мыңға жуық жер үй суда тұр
Елімізде көктем шыққалы көптеген елді мекенді су басты. Наурыздың аяғында басталған тасқын Қазақстанның 10 шақты облысын жайлады. Бұл жолғы табиғи апаттың түрі бөлек. Бұрынғыдай ауылдар мен қалалардың тек бір бөлігін ғана емес, түгелдей қызылсу басып жатыр. Ал дәл осындай ауқымды су тасқыны бұрын-сонды болған емес.
Республикалық ақпарат штабының мәліметінше, ел бойынша қазір 3 444 жер үй суда тұр. Одан бөлек, 2 366 саяжай үйі мен 19 көпқабатты тұрғын үйге су кірген. Ал 2 750 баспана судан тазартылған.
Ал су тасқыны басталғалы бері 97 мың адам құтқарылыпты. Уақытша орналасу пунктерінде қазір 7,5 мыңнан аса адам отыр. Оның 4 мыңға жуығы бала. Ең өкініштісі, қызылсу 4 адамның өмірін жалмады. Тағы 2 адам із-түзсіз жоғалып кетті.
Ерасыл Сайпаш, ТЖМ комитетінің аға офицері:
- Республикалық жедел штабтар жұмыстарын жалғастыруда. Барлық күштер мен құрылымдар төтенше жағдайдың алдын алу мен салдарын жоюға жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға су тасқыны кезінде мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
Жағдай әсіресе батыс аймақтарда қиын. Бір ғана Атырау облысының өзінде 3 мыңға жуық үй мен ғимарат суға кеткен. «Жем өзеніндегі су деңгейі әлі толық түспегендіктен, шығынды есептеу әзірге мүмкін болмай тұр», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Руслан Жұмағазиев, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:
- Қазір біздің есебіміз бойынша 2 810 ғимарат суда тұр. Тасқын судың беті қайтқан соң олардың нақты саны анықталады. Арнайы комиссия табиғи апаттан келген залалды тіркеп, шығын мөлшері анықталады.
Тасқыннан келген мал шығыны да аз емес. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, ел бойынша ағын судан 8 мыңнан астам төрт түлік қырылған. Оның ішінде 6 мыңы қой мен ешкі, 1,5 мыңы ірі қара және 514 бас жылқы суға кеткен.
Құзырлы орган шығынды анықтап, өтемақы төлеу үшін арнайы комиссия құрылғанын айтады.
Олжас Тілебалдин, ҚР АШМ ресми өкілі:
- Су тасқыны салдарынан өлген ауыл шаруашылығы жануарларының иелері малдары туралы мәліметтерді көрсете отырып, жергілікті комиссияға өтініш беруі тиіс. Ауыл шаруашылығы жануарларына меншік құқығы комиссиялардың актілерімен расталатын болады. Меншік иелеріне өтемақы мөлшері Ұлттық статистика бюросы жариялаған жануарлардың түрлері, жынысы мен жас шамасы нарықтық құны туралы мәліметтер негізінде айқындалатын болады.
Ал малдардың өлексесі не болады? Олардан ауру таралмай ма? Министрліктің мәліметінше, бүгінге дейін қырылған малдың жартысынан астамы жойылыпты. «Эпизоотиялық жағдай да бақылауда», - дейді ведомство өкілдері.
Мәселен, су басқан учаскелерден су кетісімен, ол жерлерден топырақ сынамалары алынады. Мал қорымдарына келсек, бұл нысандар жұқпалы емес аурулардан өлген төрт түлікті жоюға арналған. Сондықтан мамандар: «оларды су шайған жағдайда да аса қауіпті инфекциялар пайда болмайды», - деп отыр.
Биыл табиғат апатынан жолдар да қатты зақымдалды. Соңғы деректерге сүйенсек, 139 жол учаскесін су басып, олардың 100 шақтысын тіпті шайып кеткен. Арасында 9 көпір бар. Салдарынан 69 елді мекенде жол қатынасы үзілді.
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
- Қазіргі таңда республикалық 706 бірлік техника мен 1680 адам су тасқынының алдын алу бойынша жұмыс атқаруда. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Атырау облысында орын алған төтенше жағдайдың алдын алу үшін 117 арнайы техниканы жұмылдырды.
Қазір 6 облыста 16 жол учаскесінде су тасқынына байланысты көлік қозғалысына шектеу қойылды. Ал елде табиғат апатымен күрес күндіз-түні жүріп жатыр.
Аймақтағы тілшілердің көмегімен Дамир Берікұлы, Дулат Ентебеков