Атбасар қаласында су тасқыны болды. LIVE
Атбасар қаласында Жабай өзені тасып, жүзден астам үй су астында қалды. Ауданда төтенше жағдай жарияланды.
Бүгін таңғы 5 кезінде Жабай өзені ернеуінен асты. Су деңгейі жеті метрге жеткен. Салдарынан аудан орталығындағы 100-ден астам үй мен бір мектепті су басқан. Тағы 200 үй мен 2 мектепке қауіп төндіріп тұр. Білім ошағының оқушылары қашықтан оқу форматына көшірілді. Соңғы мәліметтер бойынша, қазір өзен су 20 сантимерге төмендеді. Қарғын судың қарқыны қатты болғандықтан, су деңгейі қайтадан көтерілуі мүмкін. Біз осыған дейін облыс әкімі Марат Ахметжановтан сұхбат алған едік.
Марат Ахметжанов, облыс әкімі:
-Қазір енді ақырын су өз арнасына қайтып жатқан жәйіттер бар. Барлығын бақылап отырмыз. Бірақ әлі қауіп бар. Сондықтан үлкен күшті жұмылдырып, тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Су сору жұмыстарына 400-ге жуық құтқарушы мен 100-ден астам техника жұмылдырылған. Олар қарқынды жұмыс істеп жатыр. Жалпы осы уақытқа дейін үйлері су астында қалған 111 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 20-дан астамы бала.