Алапат тасқынға тосқауыл қою үшін мыңдаған ерікті көмекке келді
Депутаттар, білім беру саласының мамандары, өнер адамдары мен спортшылардың бірқатары апат аймағында жүр. Ал елорда іргесіндегі ауылдық жерлерде қыз-келіншектер бөгеттерді нығайтуға ат салысуға кірісті.
Қарғын су Астана маңындағы Жібек жолы ауылына да жетті. Мұнда ерлермен қатар, әйелдер де күрек алып, бөгеттерді нығайтуға кірісті. 30 техника мен 95 маман және еріктілер де жұмылдырылды.
Зәмзәгүл Имақова, Жібек жолы кентінің тұрғыны:
-Құтқарушылар мен ауыл еріктілері күні-түні көз ілмей жұмыс істеп жатыр. Біз де көмектескіміз келеді. Ыссы шай дайындап, бауырсақ таратып жатырмыз. Күшіміз бірлікте, бұл қиындықты да еңсеретінімізге, ауыр күндер артта қалатынына сенеміз.
Мыңдаған азамат еріктілер қатарында. Әскерилер мен құтқарушылармен бірге өнер адамдары мен спортшылар да ат салысып жатыр. Әркез жығылғанға демеу болуға асығатын атақты әнші Димаш Құдайбергенов бұл жолы да азаматтық танытты. Былтыр ол апаттан қаза болған кеншілердің отбасыларына 20 миллион теңге жәрдем берген еді. Қазір туған жері Ақтөбе өңіріндегі жерлестеріне дем беріп, тасқыннан зардап шеккендерге көмек ретінде 15 миллион теңге аударды.
Қазір елімізде волонтёр саны 30 мыңнан асты. Атырауда 9 мың, Орал мен Қостанайда 3 мыңнан аса қыз-жігіт халыққа жәрдем беріп жүр.
Айбек Досымбетов, «Ұлттық волонтёрлік желі» мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл департаментінің басшысы:
-Апат болған аймақта ең бірінші Ақтөбе облысында эвакуациялау жұмыстары басталып кетті. Сол жерге келген, зардап шеккен тұрғындарды күтіп алу, оларды жататын орындарын ұйымдастыру, жайғастыру, жылы киімдерді үйлестіру, уақытында ыстық тамақпен қамтамасыз ету деген жұмыстардың барлығы осы волонтерлардың көмегімен істеліп жатыр. Одан бөлек төтеншеліктерге де көмек көрсетіп жатыр.
Су басқан өңірлердегі тұрғындардың құжаттарын қалпына келтіру, өтемақы алу бойынша 7 заңгер де еріктілер қатарына қосылды. Ал такси қызметін ұсынатын компаниялар гуманитарлық пунктке жеткізуде жолақысын небары 10 теңге деп белгілеген. Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай мен Атырау облыстарындағы тұрғындарға да осындай жеңілдік жасалып отыр.
Маңғыстаудағы теңіз жаяу әскерлері Атырау облысына көмекке аттанды. 300-ден аса сарбаз арнайы киім және құралдармен жарақтанған.
Азамат Сүлейменов, №25744 әскери бөлімінің командирі:
-Дәл қазір Атырау қаласындағы жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін теміржол көлігімен тасымалдауға дайындық жүруде. №25744 әскери бөлімінің жеке құрамы халыққа барынша қызмет көрсетуге дайын.
Қорғаныс министрлігі тасқынға қарсы іс-шараларға 1 мың 500-ден астам әскери қызметші, 104 көлік, 3 авиатехниканы жұмылдырды.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
-Әуе көлігімен 39 адам тасымалданды, 4 тоннадан астам жүк жеткізілді. Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық қорғаныс бригадасының жауынгерлері Петропавл қ. маңындағы Заречный ауылының аймағына Есіл өзенінің бөгетін нығайту үшін 1 050 қапшық құм дайындады. Мұз кептелістерін жою және су ағынын бәсеңдету үшін әскери инженерлер Құлсары қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Жем өзенінде жару жұмыстарын жалғастыруда. Осы уақытқа дейін барлығы 8 жарылыс ұйымдастырылды.
Тасқын болған аймақтарға жиналған гуманитарлық көмек көлемі 170 тоннадан асты. Еріктілердің айтуынша, қазір киім, азық-түлік жеткілікті. Тек су өткізбейтін арнайы киімдер мен түрлі құралдар қажет.
Авторлар: Диана Қадыр, Руслан Мустафин