Аида Балаева: Заңда балаларды отбасынан ажырату туралы норма жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Міндет орындалды. Жаза күшейді.
Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын заң қабылдағаны үшін Қазақстанға ризашылық білдірді. Бұл заңнамалық шешім Қазақстанның адам құқықтарын сақтауға, әсіресе әйелдерді және балаларды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға ерекше көңіл бөліп отырғанын айғақтайды.
Былтыр елімізде 7 бала отбасындағы зорлық-зомбылықтан көз жұмған. Енді баласына, отбасы мүшесіне қастық қылғандар өмір бойына темірторға қамалады. Жаңа заң жақынына қол көтерген жуан жұдырықтыны 25 тәулікке дейін оқшаулағышқа жабуға немесе 300 мың теңгеден астам айыппұл төлетуге міндеттейді. Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендер 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Педофилдерге де жаза күшейтіледі.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты жасалса, онда қылмыскер 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Өз кезегінде кәмелетке толмаған немесе шарасыз жанды азаптағаны, не болмаса денсаулығына ауыр және орта деңгейде зиян келтірген, бала өлтірген немесе жыныстық қылмыс жасағандар үшін заңда бар ең ауыр жаза – өмірлік бас бостандығынан айыру көзделген.
Жаңа заңда әсіресе балалардың өзіне қол салуына итермелейтіндерге де жаза қарастырылған. Соңғы жылдары әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдерді суицидке жетелейтін түрлі күмәнді «ойындар» көбейіп кетті. Ондай ойынды таратқандардың ойыны осылады. 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Ал суицидті насихаттағандарға 800 мың теңгеге жуық айыппұл салынады.
Бір қарағанда, дұрыс көрінген заң жобасы төңірегінде гу-гу сөз де болды. Ел арасында «балаңа дұрыс қарамасаң, осы заңмен мемлекет тартып алады екен» деген әңгіме желдей есті. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл: «бұл алып-қашпа әңгіме», деп кесіп айтады.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:
- Бұл заңда балаларды тартып алу туралы норма жоқ. Әке мен шешенің қандай жағдайда ата-ана құқығынан айрылатыны 2011 жылдан бергі қолданыстағы заңнамада анық көрсетілген. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Бұл жерде қатаңдатылып отырған нәрсе – ол баланы ұрып-соғуға қатысты баптар. Яғни оған заңмен жол берілмейді.
«Ата-ана құқығынан айыру – балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ғана қолданылатын ақырғы шара. Және ондай тәртіп бұрыннан бар», - дейді сарапшылар.
Алайда мұндай шешімді сот істі толық зерттеп барып шығарады. Оның өзінде баланы отбасына қайтарудың заң жүзінде бекітілген тетіктері бар. Және ол жерде кәмелетке толмаған тұлғаның мүддесі ескеріледі.
Юлия Овечкина, ҚР ОАМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- Біз баланы ата-анасынан алу мәселесінде ол отбасының тұрмысына немесе басқа да әлеуметтік жағдайына қарамаймыз. Ең алдымен баланың қауіпсіздігін қарастырамыз. Мәселен, құзырлы органның өкілі келгенде ата-анасы мас болса немесе үй іші адам тұрғысыздай лас болса, олардың балаларын ол жерден алып кетуге мәжбүр боламыз. Себебі бұл бала үшін қауіпті.
Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізіліп отыр. 16 жасқа дейінгі жасөспірім буллинг немесе кибербуллингке барса, ата-анасына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 40 мың теңгеге жуық айыппұл салынады.
Заңбұзушылықты анықтаған білім беру ұйымдары ол туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттеледі. Жаңа заң балалардың қоғамдық көліктегі құқықтарын да ескерген. Енді кәмелетке толмағандарды жол ақысын төлемегені үшін қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынады. Ал ондай жағдайлардың болғанын бәріміз көзбен көрдік.
Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов