БҰҰ Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заңына қолдау білдірді
Президент Әйелдердің құқықтарын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған Заңға қол қойды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын Заң туралы жаңалыққа Біріккен Ұлттар Ұйымы үн қатып, ризашылығын білдірді. Халықаралық ұйым: «Бұл заң – барлық адам өз үйінде үрей-қорқынышсыз, зорлық-зомбылықсыз өмір сүре алатын қоғам құру үшін қажет», - деді. Сонымен бұл Заң нормалары әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін нығайтады.
Оларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатады. Мәселен, денеге жеңіл жарақат салынса, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Не болмаса, 50 тәулікке қамауға алынады.
Ал денсаулыққа орташа зиян келтіргендер 2 жылға дейін, ауыр зиян келтіргендер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және насихаттағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты жасаған осындай әрекеттер үшін 5-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Педофилдер өмір бойына сотталады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік:
- Денеге жеңіл жарақат салу – 200 АЕК немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту не 50 тәулікке қамау;
- Денсаулыққа орташа зиян келтіру – 2 жылға бас бостандығынан айыру;
- Денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- Өзін-өзі өлтіруге итермелеу және насихаттау – 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 3 жылға бас бостандығынан айыру;
- Кәмелетке толмағандарды өзін-өзі өлтіруге итермелеу және насихаттау – 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Оксана Волково-Михальская, «Әйел нұры» ҚҚ жетекшісі:
- Қоғам белсенділері бұл заңды ұзақ күтті. Егер қатаң жазаны ертерек қабылдағанда, қаншама әйелдің өмірін сақтап қалуға болатын еді. Жеңіл жарақат үшін қоғамдық жұмысқа тарту туралы норманың тиімділігі мемлекеттік және құқық қорғау органдарының оны қалай жүзеге асыратынына байланысты. Сондай-ақ әйелдің өз үйінде қауіпсіз өмір сүруі үшін сот шешімімен агрессорды үйден шығару мәселесі де құқық қорғау органдарының жауапкершілігі мен әділдігіне сын болғалы тұр.