Алматы облысында күріш егу науқаны басталды
Алматы облысының Балқаш ауданындағы шаруалар күріш егу науқанына биыл жылдағыдан ерте кірісті. Өйткені Іле өзеніндегі су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда мол.
Қапшағай су қоймасынан Ілеге қазір секундына 650 текше метр су жіберіліп жатыр. Ауданда 30 мың гектардан астам егіс алқабы бар. Жергілікті агроқұрылымдар биыл соның 7 мың гектарына күріш егуді жоспарлап отыр.
Балқаш ауданының Бірлік ауылында орналасқан бұл шаруашылық 20 жылдан астам уақыт бойы күріш өсірумен айналысып келеді. Олар жыл сайын 1700-2000 гектар алқапқа күріш егетін. Соңғы жылдары Іледегі су деңгейінің төмендеп кетуіне байланысты күріш алқабын 1300 гектарға дейін қысқартты.
Алмас Қыстаубаев, агрофирма басшысы:
- Одан ары қарай азайта алмаймыз. Біздің жердің айырмашылығы – балшық. Тұзы бетіне тез көтеріледі. Күріш еккеннен кейін 3-4 жыл өткізіп барып қайтадан күріш екпесеңіз, кәдімгі тұзы аппақ болып бетіне шығып, жел соққан кезде сол тұздың бәрі көтеріліп, ауаға кетеді де, сор жерге айналады. Ешқандай шөп шықпай қалады, бидай шықпай қалады.
Балқаш ауданының шаруалары өткен жылы 6 мың гектарға жуық алқапқа күріш егіп, әр гектардан орта есеппен 43,6 центнерден өнім алды. Қамбаға 30 мың тонна дән құйылып, 5,5 мың тонна күріш ақталды. Биыл бұл көлемді 7 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қызылорда облысынан 100 тоннадай жаңа тұқым алынды.
Азат Құтпанбетов, Балқаш ауданының әкімі:
- Енді су негізінен күріш алқаптарына, егіс алқаптарына «Бақанас» магистралды каналы және «Тасмұрын» магистралды каналы арқылы жүргізіледі. Бүгінгі күнге осы екі магистралды каналдың бас сағаларын тазарту жұмыстары «ҚазСуШар» мекемесі арқылы жүргізілді. Бұл жөнінде қазір «ПУИД-2» бағдарламасы арқылы 4346 шақырымды құрайтын осы су жүйелері құжаттандырылып, осы су жүйелеріндегі қондырғыларды тазарту жұмыстары жүргізілу үстінде.
Балқаш ауданында өндірілген күріш Алматы, Жетісу облысы мен Алматы қаласына және Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне экспортталады.
Алмас Қыстаубаев басқаратын шаруашылық еліміздегі су басқан өңірлерге 5 тонна күріш жөнелтті.
Алмас Қыстаубаев, агрофирма басшысы:
- Қосалқы бөлшектер қазір екі есе қымбаттап кеткен. Арзандатылған дизелді отын Үкіметтің беріп жатқаны 250 теңгеден, ал былай нарықта 280 теңгеден болып тұр ғой. Үлкен көмек болып тұр соның өзі.
«Тасмұрын» магистралды су арнасының тұсынан Іле өзеніне үрлемелі бөгет қою жұмыстары қолға алынды. Оның жобалық-сметалық құжаттамасына 60 млн теңге бөлінген. Қазір мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов