Ақмола облысында мемлекеттік тілге құрмет артты
Ақмола облысында өзге этнос арасында мемлекеттік тілді меңгергендер көбейді. Әсіресе жастардың ынтасы зор. Кейбірі қазақ тілін үйреніп қана қоймай, басқарларға үйретуге де ниетті.
Яна Крючек Көкшетаудағы қазақ педагогикалық колледжінде оқиды. Болашақ қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Биыл оқуын тәмәмдағаннан кейін мемлекеттік тілді үйрететін курс ашқысы келеді.
Яна Крючек, студент:
- Қазақстанда тұрғандықтан, қазақ тілін білу ол парыз деп санаймын. Себебі менің ана тілім ол қазақ тілі деп санаймын. Ол – менің ішіме сіңіп кеткен тіл. Сол себепті қазақ тілін құрметтеймін, аялаймын. Оқуымды бітіргеннен кейін шәкірттеріме қазақ тілін үйретіп, дамытқым келеді.
Музыка пәнінің мұғалімі Ксения Рерихте мемлекеттік тілді үйренуге ынталы. Сөздік қорын байытып, тілін жаттықтыру үшін қазақша кітапты көп оқиды. Неміс қызы қазақ әндерін де сүйіп тыңдайды. Алдағы уақытта үлкен сахналарда көрінгісі келеді.
Ксения Рерих, мұғалім:
- Қазақ тіліндегі кітаптарды көп оқып, тілдің қыр-сырын үйренуге барынша талпынып келемін. Әрбір қазақстандық азамат қазақ тілін жақсы білу керек деп есептеймін. Сондықтан мен әлі де мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгергім келеді.
Бұландылық полицей Геннадий Вездецкий де қазақ тілін жетік біледі. Мақалдатып сөйлейтін жігіттің мемлекеттік тілге деген құрметі зор. Бір қызығы, қос тілде білім беретін мектепте қазақ тілін Геннадийдің өзі таңдапты.
Геннадий Вездецкий, Бұланды аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі:
- Мен бала кезімнен әкем мен анам қайтып, балалар үйінде өсіп едім. Сол жерде мен өзім қазақ тілін таңдап, қазақ тілінде оқыдым. Қазақ тілі өте бай, әдемі тіл. Сол үшін оқуымды бітіріп, полицияға жұмысқа кірдім. Қазақ тілін білген соң бұл салада жұмыс істеу оңай болып жатыр.
Жалпы аймақта қазақтың тілі мен дәстүрін меңгерген өзге ұлт өкілдері баршылық. Жыл санап қатары көбейіп келеді. Сондықтан мемлекеттік тілді үйрететін оқу орталықтарына сұраныс артқан. Қазір облыс бойынша 21 орталық жұмыс істейді.
Абзал Балтабаев, Виктор Полянный