Тегіңіз қазақшаланды ма?
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтар тегіндегі -ов, -ев, -ин дегеннен арыла бастаған. Соңғы 3 жылда дүниеге келген қазақ балаларының 85%-де аты- жөні, тегі толығымен қазақша жазылған.
Десе де бірізділендіруден әлі де алшақпыз. Бірі тегін қазақшаландырғысы келмесе, енді бірі құжаттың машақатын ойлап, бұл істі кейінге шегереді.
Астаналық Мұхамедәли Тілдабаев құжаттарын өзгерте алмай әлек. Кезінде атасының аты-жөнінде кеткен қателік, бүгінгі күнге дейін түзелмей келеді.
Мұхамедәли Тілдабаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Атам өмірден өтіп кетті. Тегім негізі Д әрпінен басталу керек болатын. Себебі атамның есімі Ділдәбай. Содан Ділдәбаев болуы керек еді. Содан кезінде қателіктер кеткен-ау. Сонымен Тілдабаев болды.
Ол аздай, азаматтың есімі де қате жазылыпты. Азан шақырып қойғандай Мұхамедәли емес, құжат бойынша Мухамбетали болған.
Мұхамедәли Тілдабаев, Астана қаласының тұрғыны:
- Өзгерткеннің өзінде диплом, паспорт болсын, басқа да құжаттар, жеке куәлігіміз болсын, барлығын өзгертуге тура келеді. Оның тірлігі көп-ау деп ойлаймын да.
Ал Әділет министрлігі: «Аты-жөндегі қателіктер түзелсе, жеке куәлік пен төлқұжаттан бөлек құжатты ауыстырудың қажеті жоқ», - дейді. Тек өзгергені жайлы қосымша анықтаманы бірге ала жүру қажет. Бірақ кейіпкеріміз үшін бұл да мүмкін болмай тұр.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Мысал үшін айтайын, Серіков деген адам Беріков боп өзгерте алмайды. Оның әкесінің атында немесе әкесінің әкесінің атында сол тектер болу керек.
Демек, Кеңес кезеңінде кеткен сол бір олқылықтар әлі күнге дейін талай құжатта көрініс табуда. Қаншама адамның есімі бұрмаланып, қате жазылып келеді. Бірақ заманмен бірге технология да өзгерді. Енді бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарында табан тоздырудың қажеті жоқ. Үйден шықпай-ақ өзгертуге өтініш беруге болады.
Осылайша соңғы 3 жылдағы деректер бойынша, шамамен 12 мың адам аты-жөніне түрлі өзгеріс енгізген. Басым бөлігі тегі мен әкесінің атындағы -ов, -ев, - ович, -евич жұрнақтарынан құтылыпты.
Айман Файзоллақызы, филолог:
- Біз енді армяндардан, грузиндерден немесе әзербайжандардан қалып қойдық. Тіпті заман отарлау кезінде -ов, -евті қосып тұрған кезде олар отырып алды. Магомедулы әзербайжан екенін білеміз. Магамьян - яндарын сақтап қалды. Багашли дегендері енді -шлилері -ов, -евтері ғой. Біздер енді сол кезде -ұлы, -қызы дегендерді сақтай алмай қалдық.
Асқар Шалқар, Азамат Арман десек тағы көпшілік аты мен тегін ажырата алмайды. Ал мамандар: «Бұл да Кеңестік кезден қалған әдет», - дейді. «Сондықтан біз үйренгендей, тегі, аты мен әкесінің аты емес, алдымен есімін, одан соң тегін жазу керек»,- дейді. Ең дұрысы мұны мектеп қабырғасында бастаған жөн.
Қанат Әуесбай, журналист:
- Есім атаудың бірізділенбегенінің нақты мысалы – мектепте мұғалімдер бірінші фамилиясын айтады. «Әуесбай», - дейді. Әуесбай деген менің ұлымның атасы. «Әй Әуесбай, орнынан тұр» дегенде, бір жағынан ойлап қараңызшы, ерсі. Қазақтың ұғымында ешқашан фамилия бірінші жазылмаған.
Тәуелсіздік алғалы түзелмей келе жатқан олқылықты шешуге құзырлы органдар да бекінбейді. Себебі – зайырлы елде таңдау бар.
Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі:
- Соңғы кезде қоғамда жиі айтылып жүрген мәселелер – адамдардың тегі бірізділендіріле ме деп. Әділет органы өз алдына ондай мақсат қойып отырған жоқ. Себебі өзіңіз білесіз, ҚР көптеген ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Олардың әрқайсысының өзінің жеке конституциялық құқығы бар.
Сондықтан уақыт өте әр азамат өз құқығын пайдаланып, аты-жөні мен тегінің жазылуын түзетер деген үміт бар.
Дана Әлиева, Руслан Тәуірше