Тасқынға байланысты ахуал тұрақталып келеді
Бүгінге дейін 55 мың адам өз үйлеріне оралды. Осы аптада Атырау облысында су деңгейі шарықтау шегіне жетеді деп болжанып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Бүгін Үкімет отырысында еліміздегі су тасқыны жағдайы күн тәртібінен тыс қаралды. Себебі әлі еліміздің сегіз өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталуда. Ақтөбе облысындағы екі елді мекен көлік қатынасынсыз отыр.
Бүгінге дейін су басқан аймақтардан 119 мыңнан астам адам, оның ішінде 44 мың бала қауіпсіз жерге шығарылған. 55 мыңнан астам адам өз үйлеріне оралса, 58 мың тұрғын туыстарының үйінде. Уақытша орналастыру бекеттерінде шамамен 5 мың адам бар.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
-Бүгінгі таңда 20 600 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Төленген қаражаттың жалпы сомасы 7,5 млрд теңге. 680 отбасы келтірілген материалдық шығын үшін 362 млн теңге сомасында өтемақы алды.
Атырау облысында жаға бекіту жұмыстары әлі де қарқынды жүріп жатыр. Махамбет ауданындағы Талдыкөл және Сарайшық ауылдарына су тасқынынан қауіп бар. Көне қаланың орнын сақтап қалу үшін сарбаздар мен ауыл тұрғындары қосымша бөгет салуға жұмылдырылған. Су деңгейі соңғы тәулікте 14 сантиметрге көтеріліпті.
Жанат Кенжеғалиева, Сарайшық ауылдық округінің әкімі:
-Техника бара алмайтын жерге қапшық қаптағанбыз. Солардың үстіне солдаттардың күшімен, ауылдың тұрғындары бар, мекемелер бар, солармен топырақты нығайтып жатырмыз. Себебі судың қарқыны қатты. 200 сарбаз бар. Оның 100-і күндіз, 100-і түнгі сменде жасайды.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауытын су басуы мүмкін бе? Жауаптылардың айтуынша өндіріс орындарына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір аймақтардың басым бөлігінде жағдай тұрақты. Ендігі міндет — тасқыннан зардап шеккен елді мекендер мен қалаларды қалпына келтіру.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек.
Олжас Бектеновтің бұл міндетті шегелеп тапсыруы бекер емес. Мәселен, Ақтөбе облысының 2 ауылында әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ.
Үкімет басшысы сондай-ақ электр жарығынсыз отырған елді мекендерде жөндеу жұмыстарын тездетуді тапсырды. Зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіру үшін тұрғындарға өтемақы беріліп жатыр. Бүгінге дейін 568 отбасына 710 млн теңге көлемінде қаржы берілген.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков