Атырау облысының әкімі Құлсары халқымен кездесті
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсары тұрғындарымен кездесті. Өңір басшысы халықтың ұсыныс-талаптарын тыңдап, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді. Облыс әкімі мүлкі апатты деп танылған зардап шеккендерге өтемақы нарық құны бойынша бағалау негізінде төленетінін айтты. Ол шамамен шаршы метріне 200-240 мың теңгеден.
Сондай-ақ аудан бойынша 3,5 мыңнан астам отбасы 369 мың теңгеден біржолғы көмек алды. Одан бөлек олар сәуір, мамыр және маусым айларындағы коммуналдық төлемнен босатылады. Ал үйлерді техникалық тексеру нәтижесінде 756 үйдің апатты екені анықталған. Бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Серік Шәпкенов, облыс әкімі:
- 1 жұма, 10 күннің ішінде түгелімен барлығына жаңағы оценка дейді ғой, бағалауын жеткіземіз. Заңға сәйкес біз бағалау құнымен қараймыз. Әр үй, әр шығынға батқан отбасы тағдыры әрқилы. Оның барлығын бір тарақ сияқты қылып барлығына бірдей деген мәселе тағы да болмайды. Сондықтан осы бағалаудың қорытындысы бойынша баға шығады.