Құлсарыда 100 үйдің құрылысы басталды
Құлсары қаласының «Болашақ» ықшамауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға арналған 100 үйдің құрылысы басталды. Іргетасын құю жұмыстарына 3 мердігер жұмылдырылған.
«Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен салынып жатқан үйлердің құрылысы қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Қазір 20 арнайы техника мен 30 адам жұмыс істеп жатыр.
Жергілікті билік бөлінген жер учаскелерінің қауіпсіз аймақта екенін айтады. Бүгінде Жылыой ауданындағы ахуал тұрақты. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар келген шығынды бағалау нәтижелерімен танысып, келісім бергендерге тиісті қаржы аударылып жатыр.
Нұрберген Құсайынов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- «Болашақ» ықшамауданы қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толықтай қамтылған. Тек айта кететін бір жайт, бұл жерде жол жұмыстары енді басталып жатыр. Яғни үйдің құрылысы толықтай біткенше, көшеаралық жолдар да төселеді деп жоспарлап отырмыз.