Құлсарының айналма жолы қалпына келтірілді
Тасқын кезінде су шайып кеткен Құлсары қаласының айналма жолы қалпына келтірілді. Ал Құлсары қаласында қазір су сору жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Атырау облысының Махамбет ауданында бөгет тұрғызу жұмыстары аяқталуға жақын.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Біз тұрған мына жер – Атыраудан ағылған көліктердің Құлсары қаласын айналып өтетін айналма жолы. Тасқын кезінде бұл тас жол да су астында қалды. Көлік қатынасы қиындады. 4 сәуір күні «Доссор-Құлсары» бағытындағы республикалық жолдың 101 мен 102 шақырымының аралығын су шайып кеткен еді. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары көлік қозғалысы үшін әзірге 1 жолағын ашты. Енді осы айналма жол тазаланып ашылды. Бұған дейін қала орталығында кептелістер болған еді. «Енді жағдай қалыпқа келеді», - дейді мамандар. Жалпы бұл жолдың маңыздылығын айта кетейік, осы тас жолмен тәулігіне 5 мың мен 7 мыңның арасында көлік қатынайды.
Аслан Дүйсенов, «ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы басшысының орынбасары:
- Ең алдымен 101-102-інші шақырым аралықтарындағы жолды қалпына келтіріп, жүріс бөлігін қамтамасыз етуге көптеген техника қолданылды. Атап өтсек, жүктиегіштер, автосамосвалдар, автогрейдер, каток, автокрандар қолданылып, жолды ашқан болатынбыз. Қазіргі таңда осы жолымызды шайып кеткен учаскемізді қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Қазір Құлсары қаласын судан тазарту үздіксіз жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 1 млн 200 мың текше метрдей су сорылып алынған. 1 мың 500-ге тарта тұрғын үйдің ауласы судан тазартылған. Арнаулы мекеме және төтенше жағдай қызметкерлері екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Бұған қоса суы құрғаған жерлер дезинфекциялануда. Жалпы Жылыой ауданындағы жағдай тұрақталды. Ал енді Атырау қаласы мен Жайық бойындағы аудандардың тасқынға қарсы дайындығы қарқынды. Мысалы, Махамбет ауданына қарасты Ақжайық ауылы бөгет тұрғызу жұмысын аяқтап қалды. Бүгінде ауылды айналдыра 4,5 шақырым бөгет тұрғызылды.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов