«ҚазАвтоЖол» көктайғаққа қарсы материал көлемін 3 есеге арттырды
Жолдар жөнделіп, көктайғақта болатын апатты азайту үшін тиянақты жұмыстар атқарылған. Бұл туралы бүгін «ҚазАвтоЖол» басқармасының төрағасы айтты. Мәселен, республикалық маңызы бар автожолдар желісінің ұзындығы 25 мың шақырым болса, 3,5 мыңнан астам шақырым күрежол күрделі жөндеуден өткен. Ал қалған 21 мыңнан астамы күтіп-ұстау жұмыстарымен қамтылған.
Одан бөлек, былтырмен салыстырғанда биыл көктайғаққа қарсы материалдың көлемі 3 есе ұлғайыпты. Тарқатсақ. Қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм және 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы қорда бар. 1 мың 200 тонна химиялық реагент дайын.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Биыл 1 718 бірлік техника сатып алынды. Бұл нормативті қажеттіліктің тек 39 пайызын құрайды. Бұл саладағы жаңарту және модернизациялау жұмыстары әлі де жалғасуда. Қысқы күтіп-ұстау жұмыстарына дайындық тиянақты ұйымдастыруды қамтамасыз етіп жатырмыз. Құбылмалы климат жағдайында жедел әрекет етуге дайын болуы қажет.