Алматыда үлескерлерді сан соқтырған 7 риелторға сот үкімі шықты
Алматыда үлескерлер мен құрылыс компаниясын сан соқтырған 7 риелторға сот үкімі шықты. Олар үлескерлерден 3,5 млрд теңге жинап алып пәтерсіз қалдырған. Құрылыс компаниясының атын пайдаланып «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешендерінен алдын ала пәтер сатқандарға 5 жылдан 6,8 жылға дейінгі жаза кесілді.
152 үлескердің ақшасын алып, пәтерсіз қалдырған риелторлардың ісі Алмалы аудандық сотында қаралды. Судья Қайрат Иманқұлов алты адамды 6 жылдан 6,8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ал жетінші азамат кәмелетке толмаған баласын ескере отырып, 5 жылға сотталды.
Қайрат Иманқұлов, Алмалы аудандық сотының судьясы:
-Сотталушы Қалиева, Халиев, Нам, Қоқашева, Шыныбекова және Ерланқызынан «КВ Development» құрылыс компаниясының пайдасына 3 миллиард 597 мың теңге өндірілсін. Одан бөлек мемлекетке мемлекеттік баж салығы ретінде 107 миллион 936 мың теңге өндірілсін.
Қылмыстық іс 2022 жылдың соңында қозғалды. Құрылыс компаниясы риелторлық агенттікпен келісімшартқа отырады. Риелторлар салынып жатқан үйден пәтер сатып, клиенттен баспана бағасының 30% алуы тиіс болған.
Алайда олар пәтерді толық құнына сатып, артық ақшаны қалталарына басып отырған. Тіпті баспана бағасы осылай қалады деп сендірген. Алаяқтардың құйтұрқы әрекеті коронавирустан кейін құрылыс материалдары қымбаттағанда әшкереленеді. Құрылыс компаниясы пәтер бағасын өсіретінін ескертіп хат жолдаған кезде салымшылар алданғандарын түсінеді.
Әділхан Қасанбаев, жәбірленуші:
-Үй алушы адамдарға, сіздерге енді өзім міне екі жыл күтіп, оның алдында 3 жыл бұрын ақша салған болатынбыз. Содан кейін үйімізді ала алмай екі жылдан кейін осындай шешім шығып, енді түбіне жеткеннен кейін барлықтарына тілейтінім. Барлықтарыңыз байқап, үй таңдаған кезде барлық құжаттарын тексеріп, тексеріп барып алуларыңызды сұраймын.
Алаяқтарға алданып қалған үлескерлердің ақшасын құрылыс компаниясы қайтарыпты. Сондықтан риелторлар жымқырып қалған қаражат құрылыс компаниясының пайдасына өтеледі. Ал үлескерлерлердің қосымша шығындарын қайтару жайы азаматтық сотта қаралады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов