Хабар телеарнасы

Оралдағы мектеп құрылысы қашан аяқталады?

Батыс Қазақстан облысында 10 мектепте балалар 3 ауысымда оқыса, 14 білім ордасы апатты жағдайда деп танылған.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 оқу орны салынбақ. Оның жартысының құрылысы былтыр басталса, қалғанының іргетасы биыл қаланады.

Сонымен қатар Орал қаласында көптен бері жыр мен жұмбақ болған №31 мектептің құрылысы биыл қайта жанданды.

Орал қаласындағы №31 мектеп 19-шы жылы апатты деп жабылып, 20 жылы сүрілген еді. Бес жыл бойы оқушылар қашыққа қатынап оқып келді. Жаңа ғимарат салам деген жеке инвестор сөзінде тұрмады. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған кәсіпкерден былтыр жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жобаға түзету енгізіліпті. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 35% атқарылған.

Олеся Минаева, қала тұрғыны:  

- Қанша жыл болды осы мектепті күткенімізге. Балаларды басқа аудандарға тасимыз. Олар теміржолдан өтеді. Барып келгенше уайымдап отырамыз.

№31 мектептің құрылысы білім берудің инфрақұрылымын қолдау қорынан қаржыландырылады. Осы қордан №8 мектепті салуға керекті қаражат та қаралмақ. Жөндейміз деген бұл ғимараттың жобасы дұрыс болмай 4 жыл тұрып қалған еді. Жалпы қазір өңірде 12 мектеп салынып жатса, соның 4-і Оралда.

Аяжан Жүнісова, БҚО білім беру басқармасы басшысының орынбасары:  

- Бұл мектептер 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Аталған жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде облыс бойынша 3 ауысымды мектептердің барлығының жұмысы екі ауысымға ауысады деп жоспарланған.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 18 білім ошағы салынады.  

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- БҚО-да өткен жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы басталған болатын. Алайда бүгінде сол нысандар кестеден кешігіп келеді. Оған біріншіден, өңірдегі су тасқыны кері әсерін тигізсе, екіншіден, мердігер компаниялардың жауапсыздығы да себеп болуда.

Жамбыл Жетпісбаев, мердігер компания өкілі:

- 50%-ке дейін түсіп кетті. Өйткені адамдардың көп жағдайда үйлерін су алып, сұранып кету үйлеріне сондай жұмыстармен. Оның үстіне осы БҚО 360 үй басталды ғой. Сол жерлерге адамдар кетіп қалды. Екіншіден, барлық құм алатын карьердің бәрі суға батып кетті.

Биыл өңірде «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 9 білім ордасы, «Қарашығанақ» кенішін игерушілердің қаржысы есебінен тағы 8 шағын құрамды мектеп құрылысы басталмақ.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов