Хабар телеарнасы

KAZ Minerals Aktogay компаниясы болашақ мамандарға ₸126,5 млн инвестициялауға салуға дайын

Биыл Абай облысындағы Kaz Minerals Aktogay компаниясы үміткерлерге жиырмадан астам грант бөледі. Еліміздегі ең ірі мыс кеніші болашақ мамандарға - 126,5 миллион теңге инвестициялауға салуға дайын. Бұл қаржы студенттердің білім алуына ғана емес, олардың жатақханада тұруы және шәкіртақысына кететін шығынды жабуға негіз болмақ. Сондай-ақ тау-кен байыту кешені «Мамандарды кәсіптік қайта даярлау» бағдарламасын іске қосқан. Яғни кез келген жұмысшы қажетті мамандықты қайта игеріп, білімін жетілдіре алады. 

Юлия Шевченко «Kaz Minerals Aktogay» компаниясында тағылымдамадан өтіп жүр. Ол металлургия зертханасында техник-технолог болып жұмыс істейді. Арнайы тәжірибе жүргізіп, талдаулар жасайды.

Юлия Шевченко, техник-технолог:
-Мен мұнда өндірістік тәжірибеден және диплом алу алдындағы тағылымдамадан өттім. Сондықтан ненің қалай жұмыс істейтінін теориялық тұрғыдан ғана емес, іс жүзінде білдім. Дипломымды алған соң, бірден осында жұмысқа орналастым.

Назерке Сағындық та тап осылай жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін жұмысқа қабылданды. Бір жылдан астам инженер болып жұмыс істеген соң қызметі жоғарылаған. Қазір жас маман ауыр жүк көліктерінің техникалық жағдайын қадағалайды.

Назерке Сағындық, аға инженер:
-Осы карьерде жұмыс істейтін бүкіл машиналардың біріншіден істен шығуының алдын алу. Әр құрылғыда бізде датчиктер бар. Электронный датчиктар. Олар онлайн режимде бізге ақпарат береді. Біз толықтай анализ жасаймыз. Мысалы, Ақтоғай кешенінде 35 самосвал бар.

Студенттердің еліміздегі ең ірі тау-кен байыту кешеніне жұмысқа орналасуына компанияның «тағылымдамадан өту» бағдарламасы сеп болған. Соңғы алты жыл ішінде осы жоба аясында Kaz Minerals Aktogay компаниясына 600-ден астам адам жұмысқа қабылданды. Білім гранттарын бөлу арқылы да білікті мамандарды тартуға болады.

Дархан Ербасынов, мамандарды даярлау бөлімінің басшысы:
-Компания жас мамандардың осында тәжірибеден өтуіне жағдай жасап отыр. Тіпті оларға еңбекақы төленеді. Өндіріс орнындағы соңғы технологиялар мен ең жаңа жабдықтарды пайдалана отырып, өзінің кәсіби дағдылары мен білімін жетілдіреді.

Өндіріс орны жергілікті халықты да тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Ол үшін «мамандарды кәсіптік қайта даярлау» бағдарламасын іске қосқан.

Алмас Дәнібек, KAZ Minerals Aktogay ЖШС еңбек қатынастары бөлімінің басшысы:
-Кандидаттар көбінесе темір жол саласында біліктіліктері бар, мамандықты игерген. Бірақ олар тау-кен орындарына сәйкес келмейді. Сондықтан жаңа біліктілікті игеру мақсатында осындай жобаны бекіткен болатын. Өткен жылы 5 кандидат оқуын бітіріп, осында келді. 

Ерлан Қалинұров, темір ұстасы:
-Переквалификация бағдарламасы бізде Семей қаласында электро-технический колледж мекемесінде өткен. Үш ай оқыдық. Оқу біткен соң теория, практикасын алып, осы фабрикаға келіп, қазір стажировка өтіп жүрміз.

Жаңа кәсіпті игерген мамандар міндетті түрде қауіпсіздік ережелерімен танысып, кәсіби дайындық курсынан өтеді. Өйткені кен орнында жұмыс істеу үшін қауіпсіздік талаптарын білу маңызды.

Авторлары: Асем Утешева, Берик Жобалайулы