Хабар телеарнасы

Ақтөбеде ауа қабатының ластануы тыйылмай тұр

Эколог мамандар жыл басынан бері үш мәрте ластаушы заттардың қалыпты мөлшерден жоғары болғанын анықтады. Қолқаны қабатын жағымсыз иісті түпкілікті жою мәселесі шешілер емес. Бұл ретте мамандар мен қоғам белсенділері кешенді жұмыс қажет екенін айтып отыр. 

Айна Абылқасымова қаланың экологиялық мәселесін соңғы 8 жылдан бері зерттеп келеді. Қазір өзі секілді белсенділермен бірге ауаға таралатын күкіртсүтегін анықтау және оны жою үшін тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар беруді қолға алған. Айтуынша қолқаны қабатын жағымсыз иіске қатысты кешенді іс атқарылуы керек.

Айна Абылқасымова, қала тұрғыны:
-Ауаның күкіртсутегімен ластануы соңғы рет мамырда байқалды. Тіпті мен тұратын Батыс шағын ауданында анық сезілді. Түн кезінде терезені ашып қою мүмкін емес. Себебі иіс ішке кіреді.
Әсіресе кәсіпорындар мен қоқыс полигоны және кәріз жүйелерін тазарту нысаны тұрған аумаққа жақын орналасқан шағын аудандағылар үшін қиын.

Эколог мамандар ауаның ластануы зауыттардан шығатын қалдықтардан гөрі, кәріз желілері мен құдықтардан пайда болады дейді. Себебі онда лай жиналып, бактериялармен араласып, күкіртсутегі түзеді екен. Ал бұл мәселені шешу үшін 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп тұрған қаланың кәріз сорғы стансасын жаңарту қолға алынған. Ондағы құрылғылардың 80% тозып тұр.

Серік Нәби, коммуналдық кәсіпорын бас директорының орынбасары:
-Қазіргі таңда мердігер компания мен жобалаушы компанияны жасақтау бойынша конкурстық процедуралар жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың тамыз айында бұл жұмыстар аяқталып, мердігер компания аяқталу керек. Содан кейін жобаны жасақтап, мемлекеттік сараптамадан өтіп, құрылыс-монтаж жұмыстарына көшетін болады.

Бүгінде облыс орталығында ауа сынамасын алып зерттейтін алты станса бар. Осыдан екі күн бұрын ауа қабатындағы ластаушы заттардың қалыпты мөлшерден он есе жоғары екендігі анықталған. Ал жыл басталғалы мұндай жағдай үш рет тіркелген. Енді тиісті шараларды қолға алу үшін «Қазгидромет» мекемесі мен экологиялық бақылау департаменті бірлесе жұмыс істеудің тәртібін жасапты.

Нұрбиға Айтжанова, экология департаментінің бөлім басшысы:
-Ластану жағдайы болған кезде «Қазгидромет» біздерге дереу ақпарат жібереді. Сол ақпаратты біздер екі сағаттың ішінде камералдық обработка жасаймыз. Керек болса, мекемелердің санитарлық қорғау аумағына лаборатория мамандары барып, өлшеу жұмыстарын да жүргіземіз.

Мамандар ауаның ластануы осыдан 6 жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда жақсарғанын айтады. Дегенмен халық жағымсыз иістен түбегейлі құтыла алмай отыр. Қолқаны қабатын иісті азайту үшін жаз мезгілінде кәріз суларына арнайы қоспалар қосылады.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев