Көлік қатынасы мен теміржол саласы қашан жақсарады?
Жөні түзу жолға қашан жаримыз? Мәжіліс депутаттары еліміздегі теміржол және автомобиль жолдары саласындағы кемшіліктерді талқылады. Ал оларды Жоғары аудиторлық палата анықтаған. Мәселен, соңғы 4 жылда Қазақстанда жол салуға 2 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінгенімен, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы тек республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 70% әрең асады. Ал теміржол саласында әлі күнге дейін Кеңес үкіметі кезіндегі вагондар жүр.
ҚТЖ президенті парламент табалдырығын аттап баспайды деп ренжіген депутат Жаңбыршинді әріптестері қызу қолдай кетті. Ұлттық компания басшысының есеп беруге өзі келмей, орынбасарларын жібергені олардың қытығына тиген. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың «соңғы жылдары ҚТЖ-ға тек бюджеттен 332 млрд теңге бөлінсе де жағдай жақсармады» деген есебі отқа май құйғандай болды.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
-Теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өсті.
Былыққа белшесінен батқан ҚТЖ енді құрдымға кететін түрі бар. Себебі қарызы қыруар, соған қарамастан ақшаны бей-берекет жұмсайды. Оған бір ғана мысал, ұлттық компанияға қызмет көрсететін мердігерлер соңғы жылдары қызметтер құнын 80 млрд теңгеге көтерген. Депутаттар мұны сыбайлас жемқорлыққа теңейді.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
-Бүгінде ҚТЖ өз міндеттемелерін толық төлеуге қабілеті жоқ және кредиттік тәуекелдің «қызыл» аймағында тұр. Оның борышы 2024 жылдың басында 2,9 трлн теңгені құрады және әлі де өсуде.
Салада бұдан басқа да проблемалар жетерлік. Мәселен, мемлекеттен алып отырған субсидиясы мен жүк тасымалынан түскен табысы ашық көрсетілмейді. Вагондары ескі, тозығы жеткен шойын жолдар да жөнделіп жатқан жоқ. Сондықтан шұғыл шара қолданбаса, ұлттық компания банкрот болуы мүмкін.
Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Құрметті Әлихан Асқанұлы, жаңа өзіңіз айтып кеттіңіз, бүгінгі таңда ҚТЖ-ның қаржылық жағдайы өте мүшкіл деп. Енді шынын айту керек, ол жағдай сіз Премьер-Министр боп тұрған кезде ушығып кетті. Сондықтан сыпайы сұрақ қояйын, сол кезде неге осы мәселемен айналыспадыңыздар?
Әлихан Смайылов болса: «Бұл мәселемен кезінде айналысқанбыз. Проблема шешілмеген соң тағы да көтеруге мәжбүрміз»,— деп қысқа қайырды. «Ал вагондарды жаңарту туралы Көлік министрі жауап берді. Айтуынша, жолаушылар тасымалы саласында «Қазақстан темір жолынан» бөлек тағы 11 компания бар екен. Шағымның көбі соларға қатысты. Себебі вагондарын жаңартпай отыр»,— дейді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
-Тек қана «Қазақстан теміржолының» өзі 1200 жаңа вагон сатып алады. Соның ішінде биыл 140, келесі жылы тағы да 224, одан соң әр жылы жылына 200-ден астам вагон. Бұл сервисті жаңартуға рұқсат береді. Екінші мәселе, мына 11 жекеменшікпен. Олармен жиналып сөйлестік. Субсидияны толық төлеп жатырмыз. Келісімшартта вагон жаңарту туралы мүлдем жоқ. Өздерімен сөйлессек, субсидия алған күннің өзінде вагон жаңартуға мүлдем жетпейді»,— дейді.
Бірақ оны біз бұлай қалдырмаймыз деп отыр министр. Айтуынша, қазір Петропавлдағы вагон құрастыру зауытымен жеңілдетілген лизинг туралы келіссөздер жүріп жатыр. Автомобиль жолдары да оңып тұрған жоқ. Жол сапасы әсіресе, шығыс пен батыста өте нашар. Бізде тіпті өткен ғасырдан бері салынбай келе жатқан жолдар бар.
Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мынау Жезқазған-Қызылорда тас жолының жырын 1-шақырылым депутаты Мұхамед Көпеев ағамыз айтқан екен. Қазір 8-шақырылым. Осы жол туралы 15-шақырылымда бір депутат айтып отыра ма деп қорқам. Ұлытау облысы көліктік тығырықтан қашан құтылады?
Көлік министрі: «Бетпақдаладағы бұл жолдың құрылысына мықтап кірістік»,— дейді. Бірақ толық бітуі үшін біраз уақыт керек. Айтуынша, Жезқазған мен Қызылорданың арасы тақтайдан тегіс тас жолмен тек 2026 жылы қосылады. Ал биыл Қарағанды-Алматы жолының құрылысы аяқталмақ. Алайда жаңа жолмен әлек боп жүргенде бұрынғы жолдар уақытына жетпей, тоз-тозы шығып жатыр. Себебі оларды күтіп баптайтын техника жетіспейді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
-Біріншіден бізде 25 мың шақырым республикалық жолды күтіп ұстауға жылына 80 млрд ақша қажет. Өкінішке орай біз қазір республикадан ол ақшаны толық бөле алмаймыз. Шамалы 35 млрд бөлінеді. Қалған ақшаны біз қазір мына ақылы жолдардан түсетін ақшадан алып жұмсап отырмыз.
Ал ақылы жолдардан бас-аяғы жыл сайын шамамен 30 млрд теңге табыс түседі. Артық жүк артқан жүк көліктері де жығылған үстіне жұдырық болып отыр. Қазір олар бақылаусыз жүріп жатыр. Себебі 25 мың шақырым республикалық жолда небәрі 18 автоматты өлшеу қондырғысы бар. Енді олардың қатарын көбейтіп, жолды бұзудың алдын алу үшін қосымша осындай 220 аппарат орнатылмақ.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин