Хабар телеарнасы

Қазақ тазысы ұлттық брендке айналуы тиіс

Қазақ тазысы ұлттық брендке айналуы тиіс. Қазір елімізде тазы тұқымы көбейіп келеді. Саятшылар қарашаның алғашқы жексенбісі «тазы күні» деп ресми бекітілсе дейді.

Жеті қазынаның бірі - құмай тазы әлемге танылды. Шашаққұлақтыларды көбейтіп жүрген саятшының бірі - Абзал Досыман. Оның тазыларына қазір АҚШ, Канада, Түркия сияқты алпауыт елдерден сұраныс бар. Итбегі Ронни есімді тазысын Мемлекет басшысына сыйға тартқаны елге мәлім. Жалпы Президентімізде 3 бірдей тазы бар. Кішісі Наурыз 1-ден асса, үлкені Нэнси 5 қар басқан. Айтпақшы Нэнси елордадағы көрмеде Франция мен Түркия президентін тәнті еткен.

Абзал Досыман, ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:
-Бұл Нейзидің басынан Франция мемлекетенің басшысы Макрон сипаған. Қазір енді Макронда да қазақтың екі тазысы бар Мемлекет басшысы сыйлаған. Екі тазы Жанна мен Жюльдің Нейзимен линиялары бір. Олар да жарғаққұлақты түстері де бір. Нейзидің біріншіден психикасы түзу, жаман қылықтары жоқ. Тостағанды алдына қойып, тамақ берген кезде тостағанға асықпай келеді. Бұл тазының тектілігін білдіреді.

Қазақ тазыны жарғақ және шашақ құлақ деп екіге бөлген. Жүні сұйық, танауы үшкіл, құлағы делдең, жауырыны жалпақ, арқасы түзу болып келеді. Итбегінің айтуынша тазылар ақылдылығы, жүйріктігімен ерекшеленеді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 6 жыл. Қазір Абзал Досыман 10 шақты тазыны дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін көрмеге дайындап жатыр.

Абзал Досыман, ұлттық аңшылық клубының жетекшісі:
-Біздің елімізде әрбір мерекенің өзіні атауы бар. Мысалы, білім күні, домбыра күні, аналар күні деген сияқты. Мынау тазы біздің жеті қазынамыздың бірі болғаннан кейін, оның санын сақтап қалып, сапасын арттырғаннан кейін, оның стандарттарын бекіткеннен кейін неліктен елімізде «қазақтың тазысы» күні болмасқа деген сұрақ мазалатады. Тазылар күні әр қараша айының алғашқы жексенбісіне бекітсе, жақсы болар еді.

Қарашаның алғашқы жексенбісі деу бекер емес. Қансонарда аңшы қос серігі: көктегі қыран мен жердегі жүйткіген тазысын алып, аңға шығады. Геннадий Михнов жиырма жылдан бері «Тазы» тұқымын баптаумен айналысып келеді.

Геннадий Михнов, итбегі:
-Тазының жаңа туған күшігіне тамақты екі аптадан соң, енесінің сүтіне араластырып илеп бере бастаймыз. Кейіннен сұлының ботқасын қосамыз. Базарда сататын ет сүйектерін алып, суға қайнатып, тұз қосылған сорпасын ішкіземіз. Иттің бойындағы құрт, паразиттерді түсіру үшін бір айға жақындағанда арнайы дәрі, екпе салдырамыз. Күшіктерге шикі ет бермейміз. Етті саусақтың ұшындай етіп беріп, кейін мөлшерін үлкейте береміз. Дегенмен оларға үнемі қозғалыс пен серуендеу қажет.

Солтүстіктегі құмай баптаушы, көрмелерде арнайы бекітілген сыртқа өлшемді қайта қарау керектігін айтады.

Әділхан Түкенов, итбегі:
-Тазымен аңшылық жасап жүргендер сарапшы болса дейміз. Бүгінгі таңдағы стандарт, соңғы көрмеде «арландардың шоқтығы» 65 см-ден аспасын деген екен. Ол 65 см деген біздің жақта, арқаның тазылары 65 см деген өлікшінгеде аз. Шағын кішірек тазы. Біздің жақтың ауа райына, біздің жақтың қары қалың болады. Аңшылықтың өнерін көрсетуге мүмкіндігі бар, алып тазыларды жақсы көреміз. Шағын тазылар біздің жаққа бейімделмеген. Оңтүстік жақта өнерін, біздің жақта ешқандай да көрсете алмайды.

Саятшылар тазы тұқымының көбейгенін айтады. Оған түрлі жарыстардың өткізілуі де оң ықпалын тигізіп отыр. Ал Абзал Досыман қазақ тазысы әлемдік деңгейде танылса дейді.

Авторлары: Диана Қадыр, Болотбек Табалдиев