Атырауда тасқыннан зардап шеккен шаруаларға өтемақы беру басталды
Биылғы тасқын судан Атырау облысының 3 ауданы зардап шеккен. Бір ғана Қызылқоға ауданында жүздеген мал шығыны тіркелді. Ал Индер ауданында құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Бүгінде судың беті қайтты. Жергілікті билік шаруашылықтардың шығынын есептеп, өтемақы беруді бастады.
Сәуір-мамыр айларында Ойыл өзенінің күрт көтерілуі салдарынан Қызылқоға ауданындағы шаруашылықтар мен жеке тұрғындардың 200-ге тарта малы қырылды. Күні бүгін тасқын зардабын жоюға арналған аудандық комиссияға 70 арыз түскен. Қазір тұрғындар заңды өтемақыларын ала бастады.
Ержан Нұралин, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
- Комиссияның қортындысы бойынша 58 тұрғынға оң қортынды берілді. Нәтижесінде жиналған құжаттар бойынша 2 мәрте комиссия өткізілді. Аудан бойынша шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардың 191 бас малына 61 млн 972 мыңдай қаржы төленуде.
Индер ауданында көктемгі тасқыннан қорғану үшін барлық техника мен адам күші бөгет соғуға жұмылдырылып, «Көктем» шағынауданындағы құрылыс тоқтап қалған еді. Қауіп сейілген соң, құрылысшылар алаңсыз іске кірісті.
Бесқабатты мына тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қазір қабырғаларды әктеу, сырлау, есік пен терезе орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Дарын Ілиясов, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Әктеп дайындап болған соң, еденнің төсеніштері төселетін болады. Сонымен қатар кәріз, электр желісі су барлығы жүргізілген. Енді ішкі жұмыстарымен қатар ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Аяқталу мерізмін 2024 жылдың соңына жоспарлап отырмыз.
Биыл Индер ауданының орталығында 160 пәтер пайдалануға беріледі. Әлеуметтік нысандардың да құрылысы қолға алынған. Таяуда 4 ауылдық округте мектеп жанынан спорт алаңдары салынады. Біз аралап көрген 2 ауданда тасқын зардабын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Арыстанбек Кенже, Айбек байзақов, Жандос Рахметулиин