Су тасқынынан зардап шеккен үйлерді жөндеуге ₸257 млрд қажет
Тасқыннан зардап шеккен үйлерді бағалау жұмыстары келесі аптада толық аяқталуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
Қазірдің өзінде зардап шеккен өңірлерде 18 мың тұрғын үй зерттелген. Содан 9 300 баспана қалпына келетін санатқа жатқызылған. Яғни оларды жөндеп, қайта кіруге болады. Ал 8 мыңнан астамы үй жарамсыз деп танылған. Олардың иелеріне, нақтырақ айтсақ, 5 700 отбасына баспана сатып алынады. Ал қалған 2,5 мыңнан астам жанұяға типтік жоба бойынша жаңадан үй салынады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Жалпы тұрғын үйді қалпына келтіруге шамамен 257 млрд теңге қажет. Қазіргі уақытта 6176 отбасы жалпы сомасы 40 млрд теңгеге баспана жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. Зардап шеккен аймақтарда бүгінде 3414 отбасы қираған тұрғын үйдің орнына жаңа үйлер мен пәтерлер сатып алынды немесе өтемақы төленді.