Хабар телеарнасы

Парламент Мәжілісі екінші сессиясын аяқтады

Дәрігерлерге онлайн жазылу қашан толық қолжетімді болады? Мәжілісмендердің сынына ұшыраған Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп сендірді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жыл бойы тұрақты түрде аударым жасаса да, жазда емделе алмай қиналатын ұстаздардың мәселесі де сөз болды.

Былтыр батыстағы шаруалар киіктердің кесірінен 10 мдрд теңге шығынға ұшыраған. Ол қаржы әлі өтелмеген. Мәжілістің екінші сессиядағы соңғы жиында депутаттар үкімет мүшелерін сұрақтың астына алды.

Депутаттар ерекше белсенді. Сөз сұрағандардың дені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды. Бұл жерде екі мәселе көтерілді. Науқастар кезегін апталап күтеді. Ал оларды емдеп жарытпаса да, ауруханалар миллиардтап қарызға батуда. Сонда салымшылардың ақшасы қайда, қалай жаратылып жатыр? Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мәселені тарифті қайта қарау  арқылы шешілетінін жеткізді. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Расын айту керек, берілген есептерде үлкен айырмашылықтар бар. Бір аурулар бойынша 2015 жылдан бастап тарифтер көтерілмеген. Сондықтан 5 бағыттағы тарифтерді көтердік. 10 бағыт кредиторлық қаражаттың негізі болып отырған кардиология, ортопедия, онкогематология бағыттары бойынша жұмыстарды қыркүйекке дейін бітірмекпіз. Ол осы тариф арқылы төленеді.

Дәрігерлерге онлайн жазылу мәселесі де осы жылдың соңына дейін шешіледі деп сендірді шенділер. Қазір емханаға тіркелген азаматтардың небәрі 5% ғана қашықтан кезекке тұра алады. Жыл соңына дейін оның үлесін 50%-ке жеткізу көзделуде.

Енді мұғалімдер үшін еңбек демалысында да медициналық сақтандыру қорына ақша аударылатын болды. Жыл сайын 650 мың мұғалім жаз айларында сақтандыру жүйесіне төлем жасалмағаны үшін медициналық көмек ала алмай, қиналатын. Үкімет енді ондай мәселе болмайды деп отыр.

Батыстағы шаруалардың да мұңы айтылды. Әңгіме киіктердің егістіктерді таптауы жайлы. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауынша түз тағысынан келген экономикалық шығын былтыр 10 млрд теңгеге жеткен.  

Анас Баққожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

 – Біз нақты сұрақтарға нақты жауап беруіміз керек. Елді асырап жүрген шаруалар ешқандай шығынға батпауы тиіс. Мынаған жауап беріңіздерші. Бюджеттен киіктен зардап шеккен шаруалардың шығыны өтеле ме? Тиімсіз бағыттарды қысқартып, осы бағытқа бұруға дайынсыздар ма?

Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Сақтандыру тетіктерін әзірлеу жұмыстарын біз қазір жүргізудеміз. Қазіргі таңда салалық сарапшыларға тиісті тапсырма берілді. Оның қорытындысы бойынша біз жаңадан сақтандыру тетігін әзірлейміз. Шаруалардың өз алқаптарын сақтандыруға мүмкіндіктері болады. 

Депутаттар Үкімет мүшелерінің бұл сөзін сырғытпа жауапқа балады. Кей министрліктердің есебіне тіпті күмән келтірді.   

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Министрлік жылына 950 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыдық дейді. Бұл санға сенетін тек министрліктің өзі ғана болар. Расында ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша, табысы аз салаларда. Жайлы мектептің де жыры таусылар емес. Биыл салынып біту тиіс 217 мектептің 90 ғана берілетіні анықталып отыр.

Парламент Мәжілісі екінші сессиясын аяқтады. Заң шығарушы орган өкілдерінің статистикасы былай: 39 жалпы отырыс өткізіп, 302 мәселе көтерілген.   

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:

- Талқылаулар нәтижесінде 100 заң қабылданыпты. Оның ішінде лудомания, несие, әйел мен бала құқығы, жер қойнауын пайдалану, вейпке тыйым салу, экономика, басқа да маңызды құжаттарды атап өтуге болады. Сондай-ақ депутаттар тарапынан Үкіметке 527 сауал жолданыпты.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов