Алматыда жаңа әлеуметтік нысандар ашылады
Алматыда жыл сайын халық саны өсіп келеді. Демек әлеуметтік нысандарға сұраныс артқан. Жақын арада қаланың Жетісу ауданында мектеп пен емхана пайдалануға беріледі. Екі ғимарат та күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңартылды. Шаһар басшысы Ерболат Досаев ондағы құрылыс жұмыстарымен танысып, кестеге сай аяқталуын назарда ұстайтынын жеткізді.
Осы оқу жылында Алматының Жетісу ауданында №103-ші мектеп-гимназияның оқушылары өз мектебіне оралады. Бұған дейін балалар бір жыл бойы өзге білім ошағында оқып келді. Себебі нысанға жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Гимназияның жанынан тағы 200 орынға арналған қосалқы ғимарат салынды.
Айгүл Өмірзақова, №103 мектеп-гимназияның директоры:
- Мектептің құрылысына өткен жылдың шілде айында кірісті. Мұнда 1238 бала оқыды. Жөндеу жұмыстарына оқушыларымыз үш мектепке бөлініп оқыды. Өзіміз де, балалар да гимназияның ашылуын асыға күтіп жүрміз. Қазір құрылысы 80-85%-ке аяқталған. 1-ші қыркүйекте есігін айқара ашатын болады.
Жетісу ауданы жұртшылығы үшін тағы бір жағымды жаңалық. Жақында №33-ші жаңа емхана жұмысын бастайды. Медициналық мекеме аусымына 240 адамға қызмет көрсетеді. Онда жалпы тәжірибелік дәрігер, арнайы мамандар, педиатр, диагностикалық зертхана болады.
Шыңғыс Жаңабаев, №33 емхана бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
- Бұл ғимаратты Алматы әкімдігі арнайы емхана ашу үшін алды. Мұндағы тұрғындар сапалы медициналық қызмет көрсететін орынды көптен сұрап жүрген. Енді емхананың 30 мыңға дейін халықты тіркеуге мүмкіндігі бар. Жақын маңда тұрғын үй кешендері көп. Енді сонда тұратындарың барлығы алысқа бармай, осында келеді.
Қала әкімі Ерболат Досаев тағы бірнеше құрылыс нысандарын аралап көрді. Оның қатарында жылу желісі, жолайрығы және комьюнити-орталық бар.
Қарлығаш Қайыпбекова