Хабар телеарнасы

Су тасқынынан зардап шеккен қостанайлық отбасы баспаналы болды

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тағы бір отбасы баспаналы болды. Игі бастамаға Қазақстан халқы Ассамблеясы сеп болып отыр. Жалпы биыл «Жүректен жүрекке» акциясы аясында 6 отбасыға жаңа пәтер сатып алынады.

Қарасу ауданына қарасты Шығыс ауылының тұрғыны Анна Косолапованың қуанышында шек жоқ. Бірер ай бұрын оның жалдамалы үйін су басып, бес баласымен баспанасыз қалған еді. Қарғын судан ескі үйінің қабырғасы қопсып, тұруға жарамсыз деп танылған. Міне, көп ұзамай көпбалалы ананың арманы орындалды.

Анна Косолапова, Шығыс ауылының тұрғыны:

- Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіну керек. Бес баламның несібесі деп білемі. Алғысым шексіз.

Осыған дейін Ассамблея мүшелері Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы бір отбасыға жаңа баспана сатып әперген еді. Игі бастама Батыс Қазақстан облысында жалғасын таппақ.

Рафик Мирзоев, ҚХА қорының басшысы:

- Алдағы уақтта Атырау, Ақтау облыстарын қамтуды көздеп отырмыз. Биыл бірінші кезең бойынша 6 отбасыға баспана беру жоспарланған. Оның ішінде екеуі осы Қостанай облысының үлесінде.

Мұхтар Құлжанов, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының инспекторы:

- Бірінші жағдайы қиын отбасы болу қажет. Екінші көпбалалы аналар. Осы семьяда мүгедек балалар барларға. Оның ішінде құжаттармен мәселелері бар жанұяларға. Енді олар мемлекеттен үй алу қиындық туғызғандықтан, біздің Қазақстан халық Ассамблеясы көмегі өте орынды болды деп ойламын.

Жалпы Қостанай облысында осы уақытқа дейін 303 адамға жаңа пәтер сатып алынды. 812 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Бұдан бөлек, 150-ден астам тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Жақын арада ел игілігіне беріледі»,- дейді мамандар.

Абзал Балтабаев, Мағауя Қалиев