Хабар телеарнасы

Наурызым қорығына келетін туристер қатары көбейді

Қостанай облысындағы Наурызым қорығы туристерді алуан түрлі өсімдік әлемімен, сирек кездесетін аң-құстарымен қызықтырады. Бірегей табиғи кешенге келушілер соңғы жылда біршама артқан. Мысалы, былтыр қорыққа 600-ге жуық турист келсе, биыл бір айдың ішінде осыншама адам демалып қайтыпты. Жабайы табиғатқа жақын болғысы келетіндерге мұнда барынша жағдай жасалған. Тамақтанып, түнейтін киіз үй, палатка тігілген. Демалып, көңіл көтеретін ойын алаңдары да бар. Алайда экологиялық туризмді дамытуға кедергі жәйттер аз емес. Оның ішіндегі ең негізгісі көлік логистикасының нашарлығы – дейді турфирма өкілдері.

Гүлмира Қапенова, туристік фирма құрылтайшысы:

- Біздің өңірге туристер тарапынан қызығушылық бар. Бірақ оларды жолдың қашықтығы қорқытады. Шетелдіктер 200 шақырымнан алыс болса, шағын ұшақ бар ма деп сұрайды. Ондай қызмет түрі бізде дамымаған. Тарихи мекен Аманкелді, Жанкелдин аудандарына автокөлікпен жету қиындық тудырады. Жолда аялдап, демалатын қызмет көрсету орындары жоқ.

Ханымкүл Уәлиева, демалушы:

- Демалыста балаларымызбен, әріптестерімізбен демалып тұрамыз. 0205 Науырзымның табиғатының байлығы, табиғатының құндылығы, табиғатта гәп бір сезім, күш бар, адамның денсаулығына сондай күш-қуат беретін. Өте тамаша.