Түркістандағы аптап ыстық көк шөпті күйдіріп барады
Аптап ыстық Түркістандағы көк шөпті күйдіріп барады. Мамандар жасыл желекті қорғау үшін түнде суаруға көшті. Себебі 40 градус ыстыққа ағаштар мен гүлдердің шыдас беруі қиынға соғып тұр.
Түркістанда соңғы 1 айда күн ерекше ыстық болып тұр. Ауа температурасы 40 градусқа дейін көтеріліп, тіршілік атаулыны тықсырып барады. Сондықтан қала билігі жасыл желек пен өсімдіктерді аман алып қалу үшін түнде суғаруды қолға алған.
Ербақыт Тұяқбаев, жүргізуші:
-Біз түнгі ауысымда жұмыс істейміз, кешкі сағат 18:00-ден түнгі сағат 3:00-ке дейін. Қаланың жасыл желегі сарғаймас үшін түнімен 7-8 рейс жасаймыз. Осы талдарды, газондарды суғарамыз.
Қаланы көгалдандырумен арнайы мекеме айналысады. Ондағы 1500-ге жуық адамға жасыл желекті уақытылы суғару, түбін қопсыту, газондарды күтіп-баптау міндеті жүктелген.
Мақсат Жолдыбеков, қаланы көгалдандыру, суару мекемесінің басшысы:
-Жасыл желектерді осындай техникалармен 3 уақыт суғарамыз. Бұдан бөлек автоматты түрде қосылатын құрылғылар бар, олармен де суғарып жатырмыз.
Нұрбол Тұрашбеков, қала әкімі:
-Таңғы сағат 5-тен 9-ға дейін, кешкі сағат 8-ден түнгі сағат 3-ке дейінгі ауысымда жұмыс атқарады. Оны күнделікті бақылауда ұстап отырмыз. 30-ға жақын техникаларымыз аэрация қызметін атқарады. Қосымша бізде қалаға келетін «Арыс-Түркістан», «Кентау-Қосқорған» каналдарының суын мейілінше, түні бойы суғару жұмыстарын жүргіземіз.
Қазіргі күні шахарда аумағы 318 гектар болатын 32 саябақ, 20-дан астам аллея бар. Ал күнделікті суғаруды қажет ететін көгалды аймақ 262 гектардан асады. Жыл сайынғы көгалдандырудың нәтижесінде егілген ағаш саны 925 мыңға жеткен. Одан бөлек 8 гектарға гүл егілген. Жалпы қала бойынша 600 гектардан астам аумақ күтіп-баптауды қажет етеді.
Мамандар топырақтағы ылғалдылықты ұстап тұру үшін жасыл желекті түнде суғарудың пайдасы көп екенін айтады. Күн ұясына батып, аптап басылған кезде өсімдіктер суды бойына терең сіңіреді дейді. Қазір айналаның бәрі жаңбыр жауып өткендегідей әсер беріп тұр. Суға шомылған ағаштар, салқын леп, жанға жайлы ауа күндізгі қапырықтан қажыған қала тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлайтыны анық.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш