«Семей орманы» резерваты филиалының директоры қамауға алынды
Абай облысындағы «Семей орманы» резерваты филиалының директоры қамауға алынды. Ол 20 сыбайласымен орман ағашын ұрлады деген күдікке ілініп, тергеу абақтысына жеткізілген. Ішкі істер министрлігі мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірлескен арнайы операциясы барысында ондаған текше метр ағаш, бірнеше техника және қомақты қаржы тәркілеген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жыл басында Павлодар облысында «Ертіс орманы» резерватының директоры да заңсыз ақша табу мақсатында қылмыстық топ құрып, құнды орман ағашын отады деген күдікпен қамауға алынған еді.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
-Сондай-ақ олардың «лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану, пара алу, мүлікті жымқыру» фактілеріне қатысы бар-жоғы тексеріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Ал Астана қаласында олимпиадалық емес түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясының лауазымды тұлғалары өтпеген спорттық іс-шараларды өтті деп есеп беріп, бюджеттің 40 млн теңгесін жымқырған. Қылмыс 2021-22 жылдары жасалған. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Тергеу материалдарына сәйкес спорттық іс-шаралар тек қағаз жүзінде өткен.