Лудомания дертінің емі бар ма?
Атыраудағы Ұлттық құрылтайда Президент лудоманияның қоғам дертіне айналғанына назар аударған еді. Талайды құмарлықтың құрбанына айналдырған құмар ойын бизнесін шектеу үшін арнайы заң қабылданғаны белгілі. Мамандардың айтуынша лудомандардың көбеюіне себепші фактордың бірі - әлеуметтік желідегі жарнама. Қоғамдық дерт деп танылған құмарлық құрығынан шығудың жолы қайсы?
Алматылық Ерік Жанділда мектеп қабырғасында жүргенде бәс тігіп, оңай табыстың шырмауына түскен. Кейіннен онлайн казиноға құмартып, қарызға белшесінен батыпты. Жақындарынан алыстап, жүйкесі сыр беріп, ұйқысы бұзылғаннан кейін ғана жаман әдеттен бас тартыпты. Еріктің құмар ойын құрсауынан шыққанына 5 жыл болыпты. Қазір әлеуметтік желі арқылы өзі ойынқұмарларға лудомания дертінен құтылу жолын үйретіп жүр.
Ерік Жанділда, қала тұрғыны:
-Құмар ойынның кесірінен темекі, ішімдікке бой алдырып, күйзеліс арта түсті. Өзіме қарамайтын болдым. Робот сияқты телефонға телміріп отырумен күнім өтті. Қатты күйзеліс пен ұйқының бұзылуы денсаулыққа зиян келтірді. Дәрігерлер оң жақ көзімнің нашарлай бастағанын да айтты. Қазір емделіп жүрмін. Алайда жүйке талшықтары қайта қалпына келмейтінін білемін.
Қалалық психологиялық сауықтыру орталығының сенім телефонына лудомания бойынша кеңес сұрап хабарластындар саны артып келеді. Бірі өз еркімен емделгісі келсе, енді бірін жақындары күшпен жатқызады екен. «Статистика бойынша елімізде құмар ойынға тәуелділердің басым бөлігі 25-30 жас аралығындағылар»,— дейді мамандар.
Сапар Рахменшеев, қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:
-Ғаламтордың пайдасы да бар, зияны да бар. Қазір бұл зияны осы ойынқұмарларға өте ыңғайлы жағдай жасап қойған. Олар үйден шықпай жатып-ақ бөлмесінен шықпай отырып ойнай береді. Бұл жерде жаман жері мынау мемлекеттік тұрғыда мынау жарнамаларды тоқтатуымыз керек. Мұның барлығы адамның психикасына қатты әсер етеді. Жаңағы емделіп шыққан адам өзімен-өзі күресіп жатқан адамдарға өте қатты әсер етеді.
Қоғам дертіне айналған құмар ойындарды шектеуге қатысты заң қабылданды. Енді мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер және бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына да тыйым салынды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев, Валентин Лобанов