Хабар телеарнасы

Абай облысындағы Тассай ауылының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Абай облысындағы су тасқыны аудан орталығы Көкпекті мен Тассай ауылы арасындағы көпірді шайып кеткен болатын. Аудан әкімдігі тұрғындарға көпір қайта салынады деп уәде берген. «Алайда төрт айдан бері ешқандай жұмыс істелмеді», - дейді жергілікті жұрт. Қыста орталықпен қатынассыз қалып, отын-сусыз қаламыз ба деп алаңдаған  халық жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Тассай ауылынан Көкпектіге дейін шамамен 60 шақырым жер. Ал екі аралықты жалғап тұрған бұл көпір 2012 жылы салынған. Көктемдегі су тасқыны кезінде қарғын су жалғыз  көпірді шайып кетті. Енді ауыл тұрғындары орталыққа қатынай алмай, қиналып отыр.

Мұрат Оспанов, ауыл тұрғыны:

- Жолдың азабын тартып отырмыз. Ауданға бәріне шықтық. «Ақша бөлінді, сметасын жасауға жиыны бес ай уақыт кетеді», - дейді. Енді оған дейін қыс болады, жауын жауып кетсе.

Көпірді қарғын су шайып кеткен кезде жергілікті билік уақытша өткел салып берген. Бірақ тұрғындар оның сапасына күмәнмен қарайды. Өйткені жауынды күндері жүк көліктері өте алмай, жолда қалған. Енді ауыл халқы күзде отын-көмірсіз қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Кәтірен Байжұманов, ауыл тұрғыны:

- Тірліктің бәрі осы жолменен. Егер бұл көпір құлап қалып, жөнделмесе, халық қатты тауқымет тартады. Ертең қазан,қараша айларында қыс ерте түседі. Үлкен машиналар өте алмайды. Ең бірінші отын келе алмайды ауылға. Ауырып, сырқаған кісі болса, жедел машинада бара алмайды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы қысқа дейін көпірді жасап үлгермейміз деп қысқа қайырды. Айтуынша, қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Оған бюджеттен 21 млн теңге бөлінген.

Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

- Айналмалы жолмен өтетін жағдай болса, біз жағдай жасап беріп отырамыз. Ол жерге дежурный техника қоямыз. Қар бастырмаймыз. Жол болса да тазалап отырамыз. Жауапты техника қоямыз. Баға да өспейді, өйткені кәсіпкерлермен біз сөйлесеміз.

Көмірдің бағасы қымбаттамайды, ал жолаушылар жолда қалмайды,- деп сендірді аудан әкімдігіндегілер. Осылайша Тассай ауылының тұрғындары осы қысты уақытша өткелмен өткеруге мәжбүр.

Рүстем Қайратұлы,Берік Жобалайұлы