Қазақстандағы туризмнің дамуына не кедергі?
Қазақстанға келетін туристер жыл санап көбейіп жатыр. Мәселен, былтыр шетелден бір жарым миллион қонақ келсе, отандастырымызды қосқанда барлығы 9 миллионнан астам адам саяхаттаған. Бұл, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 17 процентке көп. Бірақ келушілердің арыз-шағымы да азаяр емес. Баға мен сапа бір-біріне сай келмейді, - деп налиды олар. Бұған не себеп?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде туристер көп баратын мекен – Алматы таулары. Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы шетелдіктер мен отандастарымыз арасында 1-орында тұр. Ал онан соң Бурабай курортты аймағы танымал. Қарт Каспийдің жағасындағы киелі Маңғыстау үшінші орынға жайғасса, төртінші орында Түркістан тұр. Бестікті Алтай курортты аймағы, яғни, Қатон-Қарағай түйіндейді. Тұмса табиғаты таңдай қақтыратын, Бурабайдан бірнеше есе үлкен шығыстың жауһары неге соңғы орында қалды екен?
Әлішер Тұрсын, «Kazakh tourism» ҰК» АҚ ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта енді өзіңіз білесіз ғой, Астана мен Алматы қаласынан барам десеңіз, ол жаққа тікелей әуе рейсі жоқ. Қазіргі уақытта сол мәселені Көлік министрлігі қарау үстінде. Ол жаққа барудың өзі де бір мәселе болып отыр ғой. Жалпылама алған кезде Қазақстанның өзі шытырман оқиғалы туризмге жақындау келеді. Қатон-Қарағайға баратын кезде сіз, мысалға, кейбір табиғи көрікті жерлерді көру үшін тіпті, атпен баруыңыз мүмкін. Ол табиғи неге байланысты. Сонысымен де ерекше.
Жоғарыдағы тізімде байқағаныңыздай, Балхаш пен Алакөл жоқ. Туризмді дамытуға сұранып-ақ тұрған аталған су айдындары неге көпшіліктің сұранысына ие емес? Алакөлде демалыс орнын ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Аманғайша Ақажанованың айтуынша, жұрттың бұл жаққа келгісі келеді. Бірақ әлі де жол машақаты бар. Одан қалды туристердің жағдайын жасау үшін қарапайым жарық тапшы.
Аманғайша Ақажанова, жеке кәсіпкер:
- Электр энергиясының тұрақсыздығы – тек демалушылар үшін ғана емес, біздің мына демалыс үйлерінің иелері, кәсіпкерлер үшін де өте үлкен қиындықтар туғызып отыр. Свет өшіп қалды деген сөз, ол, барлық жұмыс тоқтап қалды. Ешқандай тамақ дайындай алмаймыз, ешқандай тазалық жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Қаншама техника істен шығады.
Туристерді мазалайтын тағы бір мәселе – қымбатшылық. Қапшағай мен Бурабайға барғанша, теңіз жағасындағы Түркияға тартқан абзал, - дейді, көпшілік. Кәсіпкерлер мұны мемлекеттік қолдаудың жоқтығымен түсіндіреді. Ал Бурабайдың туризміне жауапты басқарма басшысының сөзінше, баға сұранысқа сай түзіледі.
Андрей Подгурский, Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы:
- Жаз мезгілінде курортта баға қымбат екені даусыз. Біз одан хабардармыз. Бастысы, бағасы сапасына сай келсе болғаны. Сол үшін қазір кәсіпкерлермен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірақ, таңдау қашан да бар. Себебі бір ғана Бурабайдың өзінде 200-ден астам демалыс орны орналасқан.
Бірақ сол 200-дің жартысынан астамы тек жазда ғана жұмыс істейді. Сол себепті сұранысты мейлінше табысты пайдаланып қалуға тырысатыны сөзсіз.
Дамир Берікұлы, тілші:
- Сарапшылардың сөзінше Қазақстан үшін туризм – мұнай мен пайдалы қазбалардан кейінгі елдің негізгі табыс көзіне айнала алатын әлеуеті бар сала. Бірақ ол үшін мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлінуі қажет. Президент жанынан ведомствоаралық кеңес құрылып, салаға мейлінше маңыз берілсе, - дейді мамандар. Сонда ғана кедергілерді еркін жойып, туризмді түбегейлі дамытуға мүмкіндік туады.
Авторлар: Дамир Берікұлы, Болатбек Табалдиев.