Петропавлда қатты нөсерден көшелер мен аулалар көлшікке айналды
Петропавлда жаңбыр жауып, көшелер мен аулалар көлшікке айналды. Қатты нөсерден суағарлар толып, ағын су жан-жаққа жайылды. Салдарынан тұрғындар жаппай шағымданып, коммуналдық қызмет мамандары күні-түні жұмыс істеп жатыр.
Бұл үйдің тұрғындары жаңбыр жауған сайын әуре-сарсаңға түседі. Қатты нөсерден жертөленің іші көлкіп тұр. Судың деңгейі белден асып, тұрғындардың сақтап қойған заттары бүлініп кеткен.
Қымбат Тұмұрзина, қала тұрғыны:
-Подвалдағы заттарды лақтырдық. Өйткені ол жарамайды. Енді ана жолы свет болмағанда морозильниктегі бүкіл тамақты жинап оны лақтырдық. Өйткені екі күннің ішінде ол бүлініп кетті.
Петропавлда кешеден бері 33 мм жаңбыр жауған. «Бұл жауынның бір айлық мөлшеріне жетіп қалады»,— дейді синоптиктер. Соңғы тәуліктің ішінде «iKomek» қызметіне 70 қоңырау түскен.
Әсем Айтолла, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
-Коммуналдық қызметтер кешеден бері жұмыс істеп жатыр. Олар 5 бригада шығады. 65 адам және 40 жақын техника күнделікті тәулік бойы жұмыс істеп жатыр және әлі де жұмыстарын жалғастыруда.
Қала бойынша суағарлардың жалпы ұзындығы 200 шақырым болады. Оның тең жартысы ашық жатыр. Қатты жаңбырда су өткізгіш жүйесі лық толып, көшелер көлшікке айналады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов