Олжас Бектенов әкімдерге ескерту жасады
21 миллиард теңге... Ауылдарда медициналық қызметті дамытуға қазірдің өзінде осынша ақша бөлініпті. Нақтырақ айтқанда жаңа нысандар салынуда. Бірақ қаражат бола тұра кей өңірлер кестеден кешігуде. Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе қаралып, әкімдерге ескерту жасалды. Жиында сондай-ақ ауыл шаруашылығын әртараптандыру жоспары да қаралды.
Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту. Аталмыш ұлттық жоба былтыр қабылданған. Жоспар бойынша 655 нысан салынуы тиіс. Бүгінге дейін оның 102-сі салынып пайдалануға дайын тұр. Қазір 322 нысанның құрылысы жүргізілуде.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әкімдіктер барлық нысандардың құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізу үшін күнделікті бақылауды күшейтуі керек. Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар, Батыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстары әкімдерінің назарын осыған аударғым келеді. Құрылыс маусымы, әсіресе солтүстік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық объектілер белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс.
Ауылдағы медицина тек жаңа нысандармен дамымайды. Ендігі мәселе ол жерлерге қажетті кадрларды тарту. Қазірдің өзінде 1100 медицина қызметкері жетіспейді.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Биыл бітірген мамандардың ішінен ауылдық жерлерге орналасатын мамандардың тізімін анықтадық. Өңірлер жас мамандардың жетуіне мониторинг жүргізу және оларды ұстап қалу мақсатында жергілікті қаражат есебінен әлеуметтік шаралар қабылдау жөніндегі жұмысты күшейтуді сұрады.
Үкіметте қаралған келесі сұрақ ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту. Мамандар саланы әртараптандыру жоспарға сай орындалып жатқанын айтады. Мәселен, биыл бидай 450 мың, күріш 7, мақта алқабы 16 мың гектарға қысқартылыпты. Ал майлы дақылдар 608 мың гектарға, қант қызылшасы 9 мың гектарға ұлғайтылған.
Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
-Мал азығы, күріш және мақта дақылы бойынша әртараптандыру жөніндегі республикалық жоспар орындалды. Миниралдық тыңайтқыш бойынша жоспарды Қызылорда облысы ғана орындады. Элиталық тұқымдар үлесін арттыру 96%а орындалды. Аутсайдерлар Жамбыл, Павлодар Қарағанды облыстары.
Қорыта айтқанда биыл 24 млн гектераға егін егілген. Қазір барлық өңірде ылғал жақсы. Соны негізге алған Ақмола облысының диқандары былтырмен салыстырғанда екі есе көп өнім аламыз деп үміттенуде. Ал республика бойынша болжам тамыз айында белгілі болады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхметәли Тілдебаев