Маңғыстауда теңізге түскен 10 жасар бала құтқарылды
Маңғыстауда үрлемелі шеңбермен теңізге ығып кеткен 10 жастағы бала құтқарылды. Құрық ауылында тұратын жеткіншек ата-анасымен бірге жағалауға барған. Сол жерде ол мінген шеңберді күшті толқын жағалаудан 300 метрдей қашыққа алып кетеді. Абырой болғанда, құтқарушылар сол аумақта кезекшілікте жүрген. Шақырту түскен бойда жедел барып, баланы дін-аман жағаға жеткізеді. Айта кетсек, Маңғыстауда жыл басынан бері 9 адам суға кеткен. Оның екеуі бала. Тағы 51 адам құтқарылды. Соның 10-ы кәмелетке толмағандар.
Альберт Омаров, ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы:
-Баланың жағдайы жақсы. Кішкене шошынған. Ата-анасына тапсырылды. Алғашқы көмек қажет болған жоқ. Қаншама үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан қауіпті аймақтарға, суға түспейтін жерлерге балалар түседі. Тыңдамайды. Әкімшілік хаттама толтырылады.