Теміртауда тазы иттердің көрмесі өтті
Теміртау қаласында тазы иттердің көрмесі өтті. Оған Қарағанды мен бірнеше елді мекеннен асылтұқымды ит асыраушылар қатысты. Шараның мақсаты - таза қанды тазыларды анықтау. Ол үшін арнайы сарапшылар тобы жұмыс істеді. Жалпы тазы иттер қандай болады? Қазақ үшін жеті қазынаға жататын құмайды кімдер асыраған? Соңғы жылдары тазы тұқымын сақтауға баса көңіл бөлінуде.
Анна Кондратьева өзі Джек деп ат қойған мына тазыны 2017 жылы көшеден тауып алған. Сол кезде волонтерлықпен айналысып жүрген ол итті арнайы орынға апарып тапсырамын деп ойлаған. Бастапқыда әлжуаз болған күшікті күтіп-баптап ұнап қалғандықтан, өзіне қалдырыпты. Кейін өзгелерден бұл жай ит емес, тазы екенін білген.
Анна Кондратьева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Джек мен үшін ерекше. Оның жаратылысынан, тазалығынан текті ит екенін түсіндім. Айтқаныңды екі етпейді, көп нәрсені түсінеді. Бұрынғыдай бұйыра сөйлеудің қажеті жоқ. Жай айтсаң болды. Қазір 7 жастан асты.
Анна Кондратьева өткен жылы Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тазының күшігін сыйға тартқан. Ал кейін қызметтік сапармен Қазақстанға келген Франция президенті Эмоннуэль Макронға да осындай тазы иттер тарту етілді.
Анна Кондратьева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Франция президенті Эмоннуэль Макронға Мемлекет басшысы қос бірдей тазы тарту етті. Бұл біздің атсалысуымызбен Қарағандыдан алынған күшіктер. Олар Парижге жеткізілді. Жюль және Жанна атты тазылар - қазір Макрондар отбасының сүйікті иттері.
Көрмеге көп ішінен іріктелген 10-ға жуық тазы әкелінді. Мамандардың айтуынша, әлемде иттің 400 астам түрі бар. Соның ішіндегі жемтігін қуып жететін жүйрігі және иісшілінің бірі - осы тазы.
Жақып Есболаев, Қазақы ит тұқымдары орталығы басшысының орынбасары:
-Жақын арада халықаралық орталық қазақ тазысын ит тұқымы деп мойындады. Былтыр бір жылдай сол стандартын жасауға атсалыстық. Бүкіл кинологиялық орталықтар, сарапшылар қатысты.
Көрмеге қатысушыларыдң бірі Рамазан Садықұлының Көкқұс атты иті бас жүлдені жеңіп алды. Ақсақалдың айтуынша, 6 жасынан тазы итке жаны құмар болыпты.
Рамазан Садықұлы, сұрыптау станциясының тұрғыны:
-Тазы мен төбет қазақпен бірге қайнаған. Киіз үйде, мысалы, өзінің орны тулақ деген болады теріден, сол тулақтың үстінде жатқан өте қасиетті деп құрметтеген бұларды. Жақсы тазы ер азаматтың құнындай 50 жылқыға дейін тұрған. Қасқыр алған сондай атақты тазыларды қыздың қалың малына да берген.
«Елімізде қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қабылданғалы бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп келеді»,— дейді Рамазан ақсақал. Келешек ұрпақ үшін мұның маңызы зор деп біледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар