Мопед тізгіндеген 31 мыңнан астам адам жауапқа тартылды — ІІМ
Биыл мопедтердің қатысумен болған жол апаттарында 27 адам жан тапсырған. Жантүршіктірер дерекпен Ішкі істер министрі бөлісті. Ержан Сәденов мопед тізгіндеген 31 мыңнан астам адам жауапқа тартылғанын хабарлады. Ал тәртіпті күшейту үшін нендей шараларды қолға алған жөн? Мәселе қашан шешіледі?
Нұрлан мопед тізгіндегелі небәрі 2 ай өтті. Жазғы уақытта нәпақасын табу үшін жас жігіт бұл көлікті жалға алған. Шығыны аз. Жылдамдығы қолайлы. Жеткізушілер үшін таптырмас көлік дерсіз. Бірақ Нұрлан жолдағы жағдайды көріп уайымдайтынын айтады.
Нұрлан Дербесов, қала тұрғыны:
- Мопедке негізі права дейтін керек. Қазір енді тренд қой жастардың арасында мопед, скутер дейтін. Бірақ енді жол ережесін сақтау керек, білу керек. Қазір бұларға права керек емес. Бірақ заң күшіне енуі керек.
Тағы бір ескеру керек жайт – мопед тізгіндеген жасөспірімдер. Көбіне кәмелетке толмағандар бұл көлікті айдаймын деп жол ережелерін бұзады. Ал кей мопедті жалға берушілер куәлік тексеріп, бас қатырмайды.
Мақсат Ақшолақов, кәсіпкер:
- Көбісі құжаттарын тексермей, 18-ге толған ба, толмаған ба оған қарамай беріп жатыр. Бұл өте дұрыс емес шешім. Себебі ол балаға бірнәрсе болса, жолда жауапкершілікті мен тартамын. Мен өз басым, кәсіпкер ретінде ондайды қолдамаймын.
Қазір мопед – қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден аспайтын мототехника. Жылдамдығы сағатына 50 км-ге жетсе де ол қатардағы велосипед сынды қабылданады.
Мәжіліс қабырғасында мопедті көлік құралына жатқызып, міндетті түрде тіркеуден өткізу мәселесі талай талқыланды.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Барлық мопедтер тіркеуге алынады. Одан кейін мемлекеттік нөмір беріледі. Жүргізуші куәлігі талап етіледі заң бойынша. Қазір заң жобасы Сенатта.
Өзгерісті күтіп, Ішкі істер министрлігі қол қусырып отырған жоқ. Биыл жол ережесін бұзған 40 мыңға жуық мопед жүргізушісін жазаға тартты. 202-сі - кәмелетке толмаған бала. Әсте, жауапкершілікті олар емес, ата-аналары арқалады.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Жыл басынан республика көлемінде 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген осы мопедтердің қатысуымен. Ол жерде 30-ға жуық адам қаза болып, тағы 500-ден астам адам әртүрлі жарақат алған.
Жүйелі жұмыс нәтижесінде елдегі айыппұл тұрақтарында қазір 5 мыңнан аса мопед тұр. Жағдай әсіресе Алматыда күрделі. Кейде тротуарда да мопедтермен бейқам жүретін жасөспірімдерден көпшілік сескенеді. Сондықтан талап күшейсе, қауіпсіздік артады деген сенім бар.
Дана Әлиева, Диас Ковланбаев