Хабар телеарнасы

СҚО: С.Мұқанов ауылындағы бастауыш мектеп жабылады

Солтүстік Қазақстан облысында Сәбит Мұқановтың туған ауылындағы бастауыш мектеп жабылады. Себебі бұл елді мекенде оқитын бала жоқ. Ал көрші Ғабит Мүсірепов дүниеге келген Жаңажолда биыл интернат жұмысын тоқтатады. Ұлы жазушылардың кіндік қаны тамған жерлерлердің бүгінгі жай-күйі қандай? Жастардың ауылдан қалаға үдере көшуіне не себеп?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл жазушы Сәбит Мұқановтың туған ауылы. Кезінде дүркіреп тұрған елді мекеннің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Қазір мұнда 13 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Елден көшпей отырғандардың бірі – Елубай Мұсин. Осы ауылда туып-өскен қария туған жерінің қазіргі жағдайына қарап іштей налиды.

Елубай Мұсин, Сәбит ауылының тұрғыны:

- Бұрын ауылымыз оңды болды. Біздің ауылға жұрт қызығатын. Мектебіміз қандай, музейіміз бар. Сәбит Мұқановтың өзінің ұйымдастырған ауылы бұл.

Ауылда Сәбит Мұқановтың көзі болып тұрған музей бар. «Бұл үйді кезінде жазушының өзі қарағайдан салған», - дейді тұрғындар. Қазір мұнда қаламгердің өмірі мен шығармасынан сыр шертер 750 жәдігер бар.

Сәбит ауылынан адамдар 2000-шы жылдары үдере көше бастаған. Ал былтыр бастауыш мектеп жабылады деген соң, бірден 10 отбасы үйін тастап кеткен.

Жоламан Қалиев, Сәбит Мұқанов атындағы мектептің меңгерушісі:

- Соңғы жылдары енді сол 28 бастап, 20, 15 солай азайды. Солай-солай сол жөнінде мектеп жабылды. Жан - жаққа бардық. Солай-солай жұмыс береміз, бірақ мына жаққа келуге бас тартты көбі. Жол мәселесі бар.

Жолдың жоқтығы қазақ әдебиетінің тағы бір көрнекті тұлғасы Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылын да қинап тұр. Қазір мұнда 76 үй бар.

Қағида Сұлтанғазина, Жаңажол ауылының тұрғыны:

- Көктемде біз мүлде өте алмаймыз. Бір 15-20 күндей отырамыз шықпай ешқайда. Жол болса енді бәрі отыратын еді ғой, жастар енді көбі кетіп жатыр.

Биыл Жаңажол ауылындағы интернат жабылады. Былтыр онда 4-ақ бала оқыған. Ал Сәбит ауылының болашағы тіптен бұлыңғыр. Қазір онда 60-қа жуық адам тұрады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов