Көктемгі тасқын Қостанай облысының су қоймаларына зақым келтірді
Көктемгі су тасқыны Қостанай облысының су қоймаларына біршама зақым келтірді. Гидротехникалық құрылымдардың жақтаулары мүжіліп, кертілген. Тірек қабырғалары жарылған. Осының бәрін қалпына келтіру үшін кемі 700 миллион теңге қажет. Бірақ құр жамап-жасқағанмен бар мәселе шешілмейді. «Әбден тозығы жеткен су қоймаларын күрделі жөндеуден өткізу керек»,— дейді жергілікті мамандар.
Берік Қарсақбаев, Амангелді су торабының өндірістік учаске басшысы:
-Бірінші бекітпе қақпа ғана күрделі жөндеуден өткен. Қалғандары қолданысқа енгізілгеннен бері ауыстырылған жоқ. Ұзақ жыл пайдаланылғандықтан, кейбір бөліктері жарамсыз. Бұл су торабы 5-6 жыл бұрын қайта жаңғыртылуы тиіс еді. Бірақ әлі күнге істелген жоқ. Тасқын қайталанар болса, қандай бір кепілдік беру қиын.
Дәурен Әбдіқамитов, «Қостанай Су шаруашылығы» РКК Қостанай филиалының директоры:
-Кешенді жоспарға сәйкес, Жоғарғы Тобыл су қоймасын жаңғырту 2025-26 жылдары, Қаратомарда 2026-27 жылдары, ал Амангелді су торабында күрделі жөндеу 2027-28 жылдары жүргізіледі. Әрине көп қаржы керек. Бір ғана Жоғары Тобыл қоймасын бастан-аяқ қалпына келтіруге 4,8 миллиард теңге қажет.
Ал Көкшетаудағы Қылшақты өзені тазартылып жатыр. Соңғы жылдары суы тартылып, бетін балдыр басқан. Жаздың аптап ыстығында жағымсыз иісі қолқаны қабады. Өзенді тазартуға жеке инвестиция есебінен 403 млн теңге бөлінген.