Жетісу облысының Достық станциясында мектеп жетіспейді
Жетісу облысының Достық станциясындағы оқушылар осы күзде мектепте қысылып-қымтырылып білім алуға мәжбүр. Себебі елді мекендегі екі білім ошағы тарлық етіп отыр.
Мәселен, Бауыржан Момышұлы атындағы 300 орындық мектепте 800 бала оқиды. Ал 600 орынға шақталған Достық орта мектебіне 1 мың 100 оқушы барады. Шекара шебінде тұрған ауылдағы ең өзекті мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» құрылысы қолға алынды. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Ермек Сейпілмәлікұлы, Достық ауылының әкімі:
- 10 үй аумағы. 400-500 бала орталықтағы мектепке барып оқиды. Бұл мектеп салынса, теміржол аумағынан өтпей, үйлерінің жанында оқитын болады.
Ал Маңғыстау облысында жаңа оқу жылына дейін бес мектеп қолданысқа беріледі. Екеуі Ақтауда, қалғаны Қызылтөбе, Басқұдық және Бекі ауылдарында салынды.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, жоспар бойынша 18 мектеп ашылуы керек еді. Олардың мерзімінен кешіктірілуіне жобалық-сметалық құжаттарының дұрыс әзірленбеуі себеп болған. Енді 13 білім ұясы жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Қазір облыс бойынша 15 мектепте 4 мыңға жуық бала үш ауысымда оқиды. Келер жылы бұл мәселе шешімін табуы тиіс.