Ұлытауда ауыл шаруашылығын субсидиялауға ₸4 млрд бөлінді
Ұлытауда ауыл шаруашылығын субсидиялауға облыс қазынасынан 4 млрд теңге бөлінді. Оның басым бөлігі мал басын асылдандыруға және мал азығын дайындауға қажет техника сатып алған фермерлерге беріледі. Өңірде жайылымдық жер аз. Шаруалар мал азығының 30% өзге аймақтардан сатып алады.
Жаңаарқа ауданына қарасты «Мирас» шаруа қожалығы етті мал өсіру бағытында құрылған. Мал басы өскен сайын жайылым тапшылығы туындап, 2019 жылдан бастап көпжылдық шөп егуді қолға алған. Шаруашылық қазір 150 гектар жерден өнім жинап отыр. Шөп тұқымын алуға мемлекет қолдау білдіріп, егіс алқабын суаратын қондырғыларды сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызын субсидиялаған.
Төлеген Жаманов, шаруа қожалығының жетекшісі:
-Дәнді дақылдардан арпа егеміз және бобовый дейді, бұршақ тұқымдас шөпті көбейтіп өсіруді қолға алып жатырмыз. Осының барлығы біздің шаруа қожалығының мобильді қозғалуына және модернизациялық кішігірім шаруаның басында реформалар жасап жатырмыз.
Қожалық келер жылы егіс алқабын тағы 200 гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Әзірге өңірде мал азығын өсіретін 2-ақ шаруашылық бар. Келесі жылдың соңына дейін көпжылдық шөп алқабын 2,5 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
Мұқағали Рамазан, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
-Кеткен шығындарды өтеу бойынша, субидиялау бойынша 4 млрд теңге қаражат бөлінді. Сонымен қоса инвестициялық жобаларды іске асыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен 3 млрд теңге күтілуде. Ол 3 млрд теңгеге 3 инвестициялық жоба іске асырылады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек мал азығын дайындауға арналған техникаларды жаңартуға 500 млн теңге бөлініп, 16 трактор мен қосалқы бөлшектер сатып алынды. Сондай-ақ өңір биылдан бастап агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру бойынша «Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі» бағдарламасын жүзеге асыра бастады. Жалпы құны 10 млрд теңге болатын 4 жобаның сметалық құжаттары жасалып жатыр. Олар жүзеге асса, облыста құс еті мен жұмыртқа өндіру көлемі артып, көкөніспен қамту мәселесі шешімін таппақ.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев