Хабар телеарнасы

Бектенов егін жинау науқанын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды

Олжас Бектенов егін жинау науқанына дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Премьер-министр тиісті министрліктер, әкімдіктер мен шаруалар арасындағы жұмысты үйлестіріп, бақылау үшін жедел штаб құруды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егін жинау науқаны тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Бұл жұмысқа қажет техниканың 98%-і дайын. Үкімет басшысы элеваторларды өткен жылғы егін қалдықтарынан 10 қыркүйекке дейін босатуды тапсырды.

Жалпы биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлінген. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған қаржы да 5 есеге ұлғайтылды.

Шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны да жөнелтілді. Айта-кетейік, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23,3 млн гектар. Оның ішінде 16,7 млн гектар жерге дәнді-дақылдар егілген. Ал елімізде астық сақтайтын қоймалардың жалпы сыйымдылығы 30 млн тоннаны құрайды.